Осыдан 15 жыл бұрын азаматтық соғыстан қашып, Түркияны паналаған миллиондаған сириялық, туған еліне оралып жатыр.
Көш, әсіресе Сириядағы саяси өзгерістен кейін күшейді. Қазір шамамен 1 жарым млн-ға жуық сириялық Отанына қайтқан. Бірақ Анадолы жерінде әлі 2 миллионан аса сириялық босқын бар. Көші-қон Түркияның әлеуметтік-экономикалық өміріне қалай әсер етеді?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия – әлемде ең көп босқын қабылдаған мемлекеттің бірі. Кейінгі жылдары әрісі Африка мен берісі Таяу Шығыстан келген миллиондаған адам осы елді паналады. Олардың едәуір бөлігін азаматтық соғыстан бассауғалап қашқан сириялықтар құрайды. Алайда 2 жыл бұрын Сирияда саяси ахуал өзгергеннен кейін олар жаппай туған жеріне қайта баст ады.
Ресми дерекке сүйенсек, осы уақытқа дейін Сирияға 1 млн 440 мыңнан астам адам оралған. Оның ішінде 700 мыңнан астамы Башар Асад режимі құлағаннан кейін елге қайтқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіске Сирияда қауіпсіз өмірге деген сенімнің оянуы себеп.
Нергис Дама, Анкара Йылдырым Бейазыт университетінің оқытушысы, көші-қон мәселелерін зерттеуші ғалым:
- 2024 жылдың желтоқсанынан кейін бұл үдеріс айтарлықтай жанданды. Алайда мұны Түркиямен байланыстың толық үзілуі деп қабылдамау керек. Сириялықтардың өмірінің бір бөлігі осы елде қалды. Олар мұнда білім алып, еңбек етті, отбасын құрды.
Қазір Түркияда әлі 2 миллион 200 мыңнан астам сириялық бар. 15 жыл ішінде олар жергілікті қоғамға бейімделіп үлгерді. Соғысқа дейін Таяу Шығыстың ірі сауда орталығы болған Алеппода кәсібін дөңгелеткендер, Түркияда тірлігін тоқтатқан жоқ. Араб елдерімен қалыптасқан іскерлік байланысын пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашты. Әсіресе аяқ киім, жиһаз жасау, ағаш өңдеу салаларының дамуына серпін берді.
Нергис Дама, Анкара Йылдырым Бейазыт университетінің оқытушысы, көші-қон мәселелерін зерттеуші ғалым:
- Түркия он төрт жыл бойы ұстанымын өзгерткен жоқ. Мемлекет сириялықтар қауіпсіз өмір сүрсін деген саясатты жүргізді. Соның арқасында олар Түркияда білім алды, жұмыс істеді, отбасын құрды, әлеуметтік орта қалыптастырды. Сондықтан олардың Сирияға оралуы Түркиямен байланыстың үзілуі емес. Керісінше, бұл екі қоғам арасындағы әлеуметтік әрі экономикалық байланысты күшейтетін жаңа көпірге айналады.
Ал сарапшылар кейінгі жылдардағы кері көші-қон қарқынына Сириядағы жағдайдың тұрақталуынан бөлек басқа да факторлар ықпал еткенін айтады.
Кадрие Эсра Айгүн, Түркия – Сирия ынтымақтастығы қауымдастығының төрағасы:
- Біздің қауымдастықтың көптеген мүшесі Сирияға оралды. Олармен байланысымызды үзген жоқпыз. Қайтуға бірнеше фактор әсер етті. Кейінгі жылдардағы экономикалық қиындықтар және туған жерге, жақындарына деген сағыныш. Олар бұл шешімді саналы түрде қабылдады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазір Түркия босқындарды күштеп емес, ерікті түрде қайтару қағидатын ұстанып отыр. Сириядағы қауіпсіздік пен экономикалық жағдай жақсарған сайын оралушылар саны да көбейеді деген көзқараста. Алайда сарапшылардың пікірінше, Түркияда тұрып жатқан 2 миллионнан астам сириялықтың түгелдей елге қайтуы әзірге екіталай. Өйткені уақыт өте келе қалыптасқан әлеуметтік және экономикалық байланыстар олардың көші-қон шешіміне айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Сирия #босқындар #соғысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz