Таяу Шығыс елдері атом энергетикасын жаппай дамытуға кірісті.
Иран мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ізін ала Мысыр мен Сауд Арабиясы ядролық реакторларға иелік ету жоспарын жариялады. Тараптар алапат қуат көзін бейбіт мақсатта қолданып, электр энергиясы саласындағы жетіспеушілікті өтеуді көздеп отыр. Алайда бастама біркелкі іске аса ма, жоқ па белгісіз. Бұған кедергі келтіретін бірқатар жайт бар.
АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөз жалғасып жатыр. Кейінгі мәліметтерге cәйкес, Вашингтон мен эр-Рияд атом энергетика саласындағы ынтымақтастықтың негізгі шарттарын талқылау кезеңіне көшкен. Бұл орайда Құрама Штаттар тиісті технологиясын ұсынып, корольдік экономикасын әртараптандыруға кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Сауд тарапы болса, әзірге қандай да бір мәлімдеме жасауға асығар емес. Өйткені келіссөз кезінде америкалық шенділер Ибрахим келісімдерін көтеріп, оған араб мемлекетінің қосылуын талап еткен. Онсыз атомды бейбіт мақсатта игеруге жол берілмейтінін меңзеген. Ал Сауд Арабиясы Израильмен қатынасты реттейтін құжатқа қатысты негізгі ұстанымынан айнымай отыр. Әсіресе жергілікті сарапшылар қауымдастығында қатаң көзқарас қалыптасқан. Олар Палестина мәселесі оң шешімін таппай, арада ешқандай мәміле жасалмайтынын айтады. Тап осы жайт кешенді ядролық бағдарламаға кедергі келтіруі мүмкін.
Салех Әлхатлан, зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:
- Сауд Арабиясының ұстанымы нақты әрі қатаң. Палестина мәселесіне қатысты түбегейлі шешім болмаса қарым-қатынас қалпына келмейді және дипломатиялық байланыс орнамайды. Біздің мақсат – палестиналықтардың құқығын заңды негізде қорғау. Көп жылдан бері осы қағиданы ұстанып келеміз. Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын бейбітшілік бастамасы ұсынылды. Сол құжатқа қайта оралып, мұқият қарап шығу керек.
Шығанақ мемлекеттері атом энергетикасын бірлесіп дамыту жоспарын ең әуелі 2006 жылы жариялады. Содан бері бастама баяу болса да жүзеге асып келеді. Сөйтіп өңірде алғашқы ядролық реакторлар Әмірлікте іске қосылды. Абу Даби маңындағы «Барака» атом электр станциясы араб әлемінде әзірге жалғыз АЭС болып тұр. Екіншісі таяу арада Мысырда салынып бітеді.
Демек, бұл өзгеріс аймақ елдерінің бейбіт атом саласын мықтап қолға алуына түрткі болды. Мамандар технологиялық бәсекелестік кез келген тарапқа пайдалы болады деген пайымда.
Хабиб Әл Мулла, заңгер, құқықтанушы ғалым:
- Әлбетте бәсекелестік қай кезде де пайдалы. Егер мақсат- мүддеміз бір-бірімен бәсекелеспей, керісінше толықтырып тұрса Араб шығанағының әлеуеті артады. Қарымды мамандар көптеп келеді. Құн салығы жоғары өнім өндіретін инвесторлар ағылады. Шығанақ елдерінің қарым-қатынасы өте жақсы. Сырттай қарағанда, бәлкім бір-бірімен жиі келіспей қалатындай көрінетін шығар. Анығында саяси жүйесі ұқсас, әлеуметтік құрылымы және экономикалық моделі жақын елдерміз.
Таяу Шығыстағы ядролық энергетикаға деген жаппай бетбұрыс араб әлемінің әлеуетін алдағы онжылдықта түбегейлі өзгертуі ықтимал. Өйткені бұл жерде бастама тек электр тапшылығы мәселесін реттеуге бағытталып тұрған жоқ. Сауд Арабиясы, Араб Әмірліктері, Мысыр болсын ең алдымен технологиялық тұрғыда дербес болуды көздейді. Осы мақсатта жетекші мемлекеттермен ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен бастамаларды қолға алды.
Рауан Мыңбай
Тегтер #араб әмірліктері #Иранмен соғыс #Таяу Шығыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz