Еуропада банкке барсаңыз біздегідей әп-сәтте шот ашу қиын. Жүргізуші куәлігін ауыстыру да бір сағаттың о жақ бұ жағында бітетін дүние емес. Шырғалаңы көп.
Ал шетел азаматы болсаңыз, тіпті қиын – құжаттарыңызды жаңарту үшін бірнеше ай күтуге тура келеді.
Еуропада осындай бюрократия мен қағазбастылық бизнестің де адымын аштырар емес. Бұл Еуропаның бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп жатқанын билік те мойындайды.
Бельгияның банктерінің пластикалық картасы әдетте шамамен 5 жұмыс күн ішінде үйге жеткізіледі. Бірақ шетелдіктер үшін шот ашу жеке басын, тұрғылықты мекен-жайын және қаражатының шығу тегін тексеру қажеттігіне байланысты кейде ұзаққа созылуы мүмкін.
Ал жүргізуші куәлігі онлайн өтініш бергендерге 5 жұмыс күн ішінде, муниципалитетке жүгінгендерге 7 күнде жеткізіледі. Еуроодақтан тыс елде берілген куәлікті ауыстыру ұзағырақ уақыт алады – шамамен 2 ай күту керек. Әлем елдерінің бұл рәсімдерді цифрлық форматқа қаншалықты белсенді ауыстырып жатқанын қадағалайтын рейтинг бар. Ол бюрократия деңгейі туралы ақпаратпен бөліспейді, бірақ мемлекеттік қызметтердің цифрландыру деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді.
БҰҰ-ның 2024 жылғы Электронды үкіметті дамыту индексінде бірінші орында Дания, екінші орында – Эстония, үшінші орында – Сингапур. Қазақстан 24-ші, Франция – 34-ші, ал Бельгия 56- шы орында тұр. Зерттеу нәтижелері екі жылда бір рет жарияланады.
Құжаттардың ұзақ қаралуына не себеп? Банктер, мысалы, клиенттің жеке басын, ал кей жағдайда қаражатының шығу тегін тыңғылықты тексеруге міндетті. Мемлекеттік қызметтерге келер болсақ муниципалдық, өңірлік және ұлттық жүйелердің арасында деректер автоматты түрде алмаспайтындықтан уақыт жоғалуы мүмкін. Күрделі әрі бірін-бірі қайталайтын талаптар бизнеске де қосымша салмақ түсіреді. Еурокомиссия әкімшілік кедергілерді мүмкіндігінше азайтуды мақсат етіп
отыр.
Валдис Домбровскис, Экономика және өнімділік, заңнаманы іске асыру және жеңілдету бойынша еурокомиссар:
- Біз бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін өршіл мақсаттар қойдық. Барлық компания үшін әкімшілік кедергілерді кемінде 25 пайызға, ал шағын және орта бизнес үшін 35 пайызға қысқартуды жоспарлап отырмыз.
Еуроодақ цифрлық мемлекеттік қызметтерді жетілдіруді жалғастырып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жеке басты растауға, жүргізуші куәлігін, дипломдар мен басқа да құжаттарды сақтауға мүмкіндік беретін цифрлық сәйкестендіру әмиянын іске қосу жоспарланған. Ал «Өзара үйлесімді Еуропа» туралы заң мемлекеттік жүйелер арасындағы дерек алмасуды жақсартып, бір ақпаратқа бірнеше рет сұрау салу талабын азайтуы тиіс.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #шетелдік сервис #банк қызметі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz