RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде қарттар зейнетақысыз қалып жатыр

29.07.2026, 08:00 47

Бейнет қылдым деме, зейнет еттім де.

Жер шарында бейнеттің зейнетін көру қиындап барады. Дамыған елдердің өзінде, кейбір қариялар күнкөріс қамымен жұмыс іздеп жүр. Өйткені біразының жасы келсе де үкіметтен қайыр болмай барады. Германия енді зейнет мерзімін 70 жасқа дейін ұлғайтпақ. Бельгия 65-тен асырып 67-ге белгілеп отыр. Бұған себеп не? 

Әлемнің дамыған мемлекеттерінде зейнетақы жүйесі түгел табысты бола бермейді. Осыған дейін көш бастап жүрген алпауыт елдер АҚШ пен Ұлыбритания бұл тізімде алғашқы ондыққа енбей қалды. Өйткені мұның бәрі қатаң экономикалық есепке келіп тіреледі. Атап айтқанда, ұзаққа созылған инфляция, коммуналдық қызметтер мен медициналық көмек құнының қымбаттауы себеп. Салдарынан миллиондаған зейнеткер не басқа елге қоныс аударуға, не егде тартқан шақта еңбектен қол үзбеуге мәжбүр.

ЦИТАТА Тереза Гилардуччи, АҚШ-тағы еңбек экономикасы жөніндегі сарапшы

Таяуда 1946-1964 жылдары дүниеге келген АҚШ азаматтарының зейнетақы жинақтарына болжам жасап көрдік. Нәтижесі алаңдатарлық. Табысы орта қызметкерлердің тең жартысы зейнетақы шоттарындағы қаражаттың жеткіліксіздігінен кедейлік шегіне таяуы мүмкін. Сол үшін лайықты демалысын кейінге қалдырып, еңбек жолын жалғастыруға тырысады. Ертеңді айтпағанда, бүгінгі еңбек нарығының өзі егде жастағы мамандар үшін өте қолайсыз.

Биыл зейнетке шығуға қолайлы елдер көшін Кипр мен Ирландия бастап тұр. Бұл туралы халықаралық Hoxton Wealth компаниясы хабарлады. Аталған елдер шетелдіктерге арналған салықтық жеңілдіктерімен, мұраға салық салмайтындығымен және өмір сүру құнының салыстырмалы түрде төмендігімен озып тұр. Қазақстан бұл тізімде 26-орында. Қаржылық тұрақтылық пен жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша біздің ел АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерден озық. Ал рейтинг соңында Үндістан, Филиппин, Аргентина, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы және Таиланд бар. Бұл елдерде инфляцияның күшеюі, пайыздық мөлшерлемелердің өсуі және геосаяси тұрақсыздық зейнетақы жүйесіне едәуір қысым түсіріп отыр. 

Эймир Уолш, Mercer компаниясының  Еуропа бойынша инвестициялар жөніндегі директоры:

- Қазір әлем бойынша зейнетақы қорларында 64 триллион доллар көлемінде қаржы жинақталған. Енді жаһан елдері бұл қаражатты ұлттық экономиканы дамытуға жұмсауға ниетті. Мақсат – жалпы ішкі өнімнің өсімін жеделдету ғана емес, тағы еңбек нарығын қолдау. Саясат тиімді жүргізілсе, бұдан мемлекет те, ертеңгі зейнеткерлер де ұтады.

Иә, бірқатар елдің билігі осындай себептен зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалауға асық. Қазір әр мемлекетте зейнетке шығу жасы да әртүрлі. Германия мен АҚШ-та 67, Ұлыбританияда 66, Швейцарияда 65 жас. Жапондар да 65-інде зейнеткер атанады. Түркияда жасы жетпіске таяса да күнкөріс қамы үшін жеке кәсібін жүргізіп отырған азамат көп. Дегенмен кей елде азаматтар белгіленген негізгі жастан бұрын да зейнетақы ала алады. Бірақ мұндай жағдайда төлем мөлшері әлдеқайда азаяды. Яғни, күнкөріске жетпей қалуы әбден ықтимал. 

Әлем елдеріндегі зейнетке шығу жасы

ЖАПОНИЯ 60-65 жас

ҰЛЫБРИТАНИЯ 66 жас

ГЕРМАНИЯ 63-67 жас

АҚШ  62-67 жас

ШВЕЙЦАРИЯ 62-65 жас

Хайдар Түмок, зейнеткер:

Зейнетке шыққаныма 20 жылдай болды. Әлі жұмыс істеуге мәжбүрмін. Жалдамалы пәтерде тұрамын. Қазір оның ақысы 30 мың лирадан басталады. Мен 25 жыл бойы сақтандыру жарнасын төледім. Соған қарамастан алатын зейнетақым 23 мың лира ғана. Бұл қаражат күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз. Әйтеуір сүйіп істейтін кәсібім бар, соның арқасында күн көріп жүрмін. 

Американдық зейнеткерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес, бүгінде 50 жастан асқан әрбір төртінші америкалықта мүлде зейнетақы жинағы жоқ. Бұл азаматтар нан табу үшін толық емес жұмыс күніне ауысып, түрлі цифрлық платформалар арқылы еңбек етіп жүр. Тіпті бейнетінің зейнетін көретін шағында біреулер күнкөріс шығынын азайтуға тырысып шекара асып, қоныс аударып жатыр. Бірақ кей мемлекеттер мұның да жолын кесіп, зейнеткерлерге арнайы виза енгізген. Мұндағы шарт – үміткер шетелде тұрақты табысы бар екенін дәлелдеуі керек және қабылдаушы елде еңбек етпеуі тиіс. 

Нұрбике Жігер, Қанат Махмутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz