RU
Толық нұсқаға өту

Түрік лирасының бағамы құбылып тұр

29.07.2026, 17:20 35

Түрік лирасы құбылып тұр. Осы айда алғаш рет түрік валютасы 10 теңгелік межеден төмендеп, тарихи ең төменгі деңгейге жетті.

Дегенмен шетелдік валюталарға қатысты тұрақтылық деңгейін сақтап тұр. Түрік сарапшылары мұны лираның әлсіреуімен емес, керісінше теңгенің нығаюымен байланыстырады. 

Түрік лирасының Қазақстан теңгесіне шаққандағы бағамы осы айда алғаш рет 10 теңгеден төмен түсті. Бұл кейінгі бірнеше жылдан бері байқалып келе жатқан үрдістің жалғасы. Сарапшылардың айтуынша, пандемиядан кейінгі әлемдік экономикалық өзгерістер, жоғары инфляция және сыртқы нарықтағы құбылмалылық валюта бағамына ықпал етіп отыр. Дегенмен түрік лирасын доллар, еуро сынды негізгі әлемдік валюталарға қатысты күрт әлсіреді деуге негіз жоқ. Бұл құбылыс, керісінше теңгенің нығайғанын көрсетеді. Сарапшылар осылай деп отыр. Олардың айтуынша, валюта бағамының өзгеруіне Қазақстан экономикасының экспорттық әлеуеті әсер етуде.

Хикмет Эрен, Еуразия экономикалық қатынастар қорының төрағасы:

- Кейінгі уақытта Қазақстан теңгесі түрік лирасына қатысты нығайды. Бұған өндіріс, экспорт және елдегі саяси тұрақтылық әсер етті. Қазақстанның мұнай мен уран өндіруде көшбасшы елдердің қатарында екенін ескерсек, соған сәйкес экспорт көлемі де артты. Былтыр сыртқы сауда көлемі шамамен 80 млрд долларға жетті. Бұл 20 млн халқы бар мемлекет үшін өте жоғары көрсеткіш. Мұндай көлемдегі валюталық кіріс теңгенің нығаюына немесе басқа валюталарға қатысты өз құнын сақтап қалуына мүмкіндік береді.

Валюта айырбастау нарығы өкілдерінің айтуынша, кейінгі айларда лираның доллар мен еуроға қатысты бағамында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Ал теңгенің күшеюі  Қазақстандағы ішкі экономикалық факторларға байланысты.

Мехмет Акбаш, Валюта айырбастау пунктінің директоры:

- 6 айдан астам уақыт бойы шетел валюталарымен салыстырғанда түрік лирасы тұрақты деңгейін сақтап тұр. Ал лираның теңгеге қатысты арзандауына келсек, мұнда Қазақстанның өз экономикалық ерекшеліктерін ескеру қажет. Біз қазір лираның теңгеге қатысты әлсіреуін онша сезініп отырған жоқпыз. Әрине, бағам айырмашылығы болуы мүмкін, бірақ мұны ұлттық валютаның нақты жағдайын бағалайтын негізгі өлшем деп есептемеймін.

Дегенмен валюта бағамындағы өзгеріс қарапайым халық үшін өмір сүруді  қымбаттатып жіберді. Тұрғындардың айтуынша, күнделікті шығындар қалтаға кәдімгідей салмақ салып отыр.

Қазір бір түрік лирасы Қазақстанда шамамен 10 теңгеден айырбасталып жатыр. Бұл – кейінгі жылдардағы ең төменгі көрсеткіш. Дегенмен қуануға әлі ерте. Өйткені бағам кез-келген уақытта құбылуы мүмкін. Сарапшылар бұған әлемдік экономикалық ахуал мен инфляция деңгейі ықпал етеді, - дейді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz