RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

АҚШ шетелден гуманоид роботтарды импорттауға тыйым салды

30.07.2026, 11:15 40

АҚШ ұлттық қауіпсіздікке байланысты шетелде өндірілген жаңа гуманоид роботтарды елге импорттауға тыйым салды, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңа шектеу төрт аяқты робот-иттерге де қатысты болмақ. Федералдық байланыс комиссиясының мәліметінше, жасанды интеллектке негізделген заманауи роботтар киберқауіпсіздік пен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар АҚШ билігі тұрақты тоқты айнымалы тоққа айналдыратын күштік инверторларды импорттауға да шектеу енгізілді. Бұл құрылғылар жаңартылатын энергия жүйелерінде, деректерді өңдеу орталықтары мен тұрмыстық техникада кеңінен қолданылады.

Бұл бағыттағы шешімдер АҚШ-тың Қытайдан импортталатын өнімдерге қатысты қабылдап жатқан шектеу шараларының жалғасы саналады. Бұған дейін Вашингтон қытайлық дрондардың импортына және АҚШ-тың озық технологияларын Қытайға экспорттауға шектеу енгізген болатын.

Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде Қытай әлемдік гуманоид роботтар нарығының шамамен 85 пайызын иеленіп отыр. Ал Morgan Stanley инвестициялық банктің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай бұл елдегі гуманоид роботтар нарығының көлемі 15 миллиард долларға жетуі мүмкін.

2025 жылы әлем бойынша өндірілген 15 мыңға жуық гуманоид роботтың басым бөлігін қытайлық Unitree мен AGIBOT компаниялары шығарған. Әр компания 5 мыңнан астам робот өндірсе, америкалық Tesla мен Figure AI бірнеше жүз ғана робот құрастырған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz