Үш жақтан теңізбен қоршалса да Түркия тұщы судың тапшылығын сезініп отыр.
Биыл жауын-шашын мол түскенімен мәселе әлі де өткір. Өйткені жаһандық жылыну, халық санының өсуі, өнеркәсіп пен урбандалу қарқыны су ресурстарына түсетін жүктемені арттырған. Бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы 20 жылда Түркия су дағдарысына тап болуы мүмкін.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Былтыр Түркия кейінгі жылдардағы ең ауыр қуаңшылықты бастан өткерді. Су қоймалары тартылып, көлдердің табаны көрінді. Ал егістік алқаптары құрғап, су тапшылығы қатты сезілді. Биыл жауын-шашын көбейіп, жағдай біршама жақсарғанымен мамандар қауіп сейілген жоқ дейді. Өйткені климаттың өзгеруі елдегі су ресурстарына бұрынғыдан да үлкен қысым түсіріп отыр.
Биыл Түркия ризықтан кенде болған жоқ. Жергілікті мемлекеттік метеорология басқармасының мәліметіне сәйкес, жауын-шашын мол түсіп, оның көлемі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 72 %-ға артқан. Сөйтіп, көпжылдық орташа көрсеткіштен 30 %-ға жоғары болды. Алайда сарапшылар жауын-шашын мөлшерінің артуы құрғақшылық мәселесін түбегейлі шеше алмайтынын айтады. Себебі кейінгі онжылдықта су тапшылығы анық сезіліп, елдің бірқатар өңірі құрғап барады.
Али Оғұз Дириөз, сарапшы, ТОББ Экономика және технология университетінің оқытушысы:
- Былтырғы жыл Түркия үшін кейінгі 61 жылдағы ең құрғақ кезең ретінде тіркелді. Ал биыл жауын-шашын көбейіп, жағдай біршама жақсарды. Бірақ бір жылда ылғалдың мол түсуі елді қуаңшылықтан құтқармайды. Түркияның маңызды су қоймасы – теңіз емес, таулар мен ормандар. Қыс мезгілінде қар мен мұздық түрінде жиналатын су қоры ел үшін аса маңызды. Алайда климаттың жылынуына байланысты оның да көлемі азайып, тез еріп жатыр.
Төңірегі теңізбен қоршалса да, Түркия тұщы суға жарымай отыр. Өйткені елдің негізгі тіршілік нәрі жауын-шашын, өзен-көл, жерасты суларынан қалыптасады. Бірақ қазір мол жаңбыр да жеткіліксіз. Өйткені ол қысқа уақытта нөсер болып жауса, су топыраққа сіңбей, ағып кетеді. Бұл жер асты су қорының табиғи жолмен толығуын тежейді.
Али Оғұз Дириөз, сарапшы, ТОББ Экономика және технология университетінің оқытушысы:
- Қауіптің алдын алу үшін қолдағы тұщы су қорын тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе оңтүстіктегі Конья жазығында жерасты сулары шамадан тыс тартылып жатыр. Соның салдарынан алып шұңқырлар пайда болуда. Мұндай жағдайды болдырмас үшін тамшылатып суару технологияларын енгізіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында және күнделікті тұрмыста суды үнемдеу қажет.
Үкімет бекіткен Ұлттық су тиімділігі стратегиясы да осы бағытқа басымдық беріп отыр. Онда суару жүйелерін жаңғырту, тазартылған ағын суларды қайта пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.
Севжан Дурсун, «Ауыз суды қорғау» ұйымының басшысы:
- Әлем елдері қазіргі ауыз су қорларын сақтау үшін бірлесе әрекет етпесе, алдағы 20 жылда су табу мүлде қиын болмақ. Климаттың өте жылдам өзгеруі маусымдардың орындарын ауыстырып жатыр. Сондықтан Түркия кәріз суларын қайта қолдану жобасын қолға алды. Қазіргі таңда кәріз суларының 4,7 пайызы ғана кәдеге жараса, 2030 жылы бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізбек.
Билік шетін мәселеге қарсы түрлі шара қабылдағанымен сарапшылар қауіптің әлі сейілмегенін айтады. Мамандардың болжамына сүйенсек, дәл осы қарқын жалғаса берсе, 2050 жылы Түркия ауыз судан қатты тарығуы мүмкін. Сол себепті су ресурстарын тиімді басқару, балама су көздерін тарту, әр тамшы суды үнемдеу мәселелері стратегиялық міндетке айналуы тиіс, дейді сарапшылар.
Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #тұщы су #24KZ #су мәселесіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz