Өзбектің Гогені атанып кеткен белгілі қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың құрметіне орай Ташкентте халықаралық көрме өтті.
Рухани іс-шараға алыс жақын шетелдерден жүзге жуық қылқалам шебері келді. Олар Орал Таңсықбаевтің әсем табиғатты бейнелеген суреттеріне өзінше рең беріп, көпшілік назарына ұсынды.
Ұлты қазақ, бірақ Өзбекстанда туып өскен атақты суретші Орал Таңсықбаев есімі түркі әлеміне жақсы таныс. Қылқалам шебері классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеп, әсем табиғатты шебер бейнелеген.
Файзуллахан Ахмадалиев, Өзбекстанның халық суретшісі:
- Орал Таңсықбаевтың ең бір тамаша қасиеті ол реалистік өнерді, орыс авангардын, еуропаның модернизмін тоғыстырып, бәрінен синтез жасап, оны Орта Азиялық жаңа бір өнер түрі ретінде әкелді. Бояулары ашық та анық, қай жағынан алсақ та әлемдік дәрежедегі суретші.
Сабыржан Рахметов, Өзбекстанның халық суретшісі:
- Орал Таңсықбаевты Сырдария өзеніне теңер едім. Оның шығармалары бізді көрші елдермен етене жақындастырды. Ұлы суретші өз мұрасы арқылы осы күндері бізді табыстырып отырғандай.
Қазақ суретшісі көк жайлаудан, биік таулар мен сылдырап аққан өзендерден қуат алған. Табиғат аясында жұмыс істегенді ұнатқан. Атақты Әбілхан Қастеевпен етене араласқан.
Сержан Сәрсенбаев, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің Кеңесшісі:
- Мемлекет басшысының өнерді қолдауға арналған арнайы тапсырмасы бар. Соның аясында қолдау қорының демеушілік етуімен біздің қазақстандық суретшілер алыс-жақын шет елдерде көрмелерге қатысып жүр.
Орал Таңсықбаевқа арналған көрменің келесі кезеңін Алматы қаласында өткізу жоспарланып отыр. Ауқымды шараға қатысуға ниет білдіргендер көп-дейді ұйымдастырушылар.
Дулат Нуркин
Тегтер #Өзбекстан #қазақ #суретші #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz