RU
Толық нұсқаға өту

Сауд Арабиясы мен АҚШ бірікті: соғыс қайта үдеді

31.07.2026, 07:50 49

Біраз күн тыныш болғанмен АҚШ пен Иран арасындағы соғыс қайта үдеді. Бұл жолы осыған дейінгі қақтығыстарға араласа қоймаған Сауд Арабиясы да шабуылға шықты.

Өйткені бірден үш жақтан шабуылға ұшырады. Корольдік АҚШ-пен бірлесіп Ирактағы қарулы топтарды ойсыратпақ. Бірақ аймақтағы ең бай мемлекетте қазір бюджет тапшылығы байқалады. Ал Йемендегі хуситтердің бұл елдің мұнай экспортына қауіп төндіруі мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Сауд Арабиясы мен АҚШ бірікті

Бес ай бойы Таяу Шығыстағы қақтығысқа араласпауға тырысқан Сауд Арабиясының шыдамы таусылған тәрізді. Қазір корольдікке бірден үш қарсыласы – Иран және оның Ирак пен Йемендегі одақтастары қауіп төндіріп тұр. Кейінгі аптада Сауд Арабиясы йемендік хуситтер мен Ислам мемлекеті қолдау көрсетіп отырған Ирактағы қарулы топтардың әуе шабуылдарына ұшырады. Осыдан соң корольдік Құрама Штаттармен бірігіп, жауап ретінде Ирак аумағына соққы жасады. Бұл аймақтағы қақтығыстың өршіп жатқанын көрсетеді.

Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысы ресми өкілінің орынбасары: 

- Егер тараптар келіссөздерге қайта оралмаса, қақтығыс кеңеюі мүмкін. Бұл үдерісті қазірдің өзінде байқап отырмыз. Әскери іс-қимылдарға қатысушылар санының артуы, өзге елдердің араласуы жағдайды бұрынғыдан да нашар деңгейге жеткізуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.

Сауд Арабиясының мұнай экспорты шектелді

Мұнай – Сауд Арабиясы экономикасының тірегі. Ормуз бұғазы жабылған соң, корольдік мұнай тасымалы көлемін барынша арттырды. Шамамен тәулігіне 5 млн баррельге дейін жеткізді. Оны «Шығыс-Батыс» мұнай құбыры арқылы Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу экспорттық терминалына жіберді.

Сол жерден қара алтын танкерлерге тиеліп, Араб теңізі арқылы Азия нарықтарына жөнелтілді. Ал енді Эр-Риядты алаңдатып отырған мәселе - хуситтердің Қызыл теңіздегі саудиялық кемелерге шабуыл жасай бастауы. Бұдан Қызыл теңіздің оңтүстігіндегі Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы кеме қатынасына қауіп төніп тұр. Сауд Арабиясы алдағы үш жыл ішінде Қызыл теңіз арқылы мұнай экспортын тәулігіне шамамен 9 миллион баррельге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Алайда сарапшылардың айтуынша, Баб әл-Мандеб қауіпсіз болмаса, бұл балама бағытта да тәуекелдер көбейеді. Ал хуситтер тарапынан шабуылдар жалғаса берсе, әлемде мұнай бағасы тағы қымбаттауы мүмкін.

Мұхаммед Әл-Баша, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы:

- Хуситтер саяси және экономикалық жеңілдіктерге қол жеткізу үшін кеме қатынасына және мұнай инфрақұрылымына шабуылдап жатыр. Олар Қызыл теңізді қарсыластарына қысым жасау алаңына айналдырып отыр.

Сауд Арабиясында бюджет тапшы

Қазірдің өзінде Сауд Арабиясы қақтығыс салдарынан айтарлықтай экономикалық шығынға ұшырады. Биыл алғашқы үш айда елде 2018 жылдан бергі ең ірі тоқсандық бюджет тапшылығы тіркелді.

Корольдіктің көптеген ауқымды жобалары қысқартылды. Бұл тапшылық бір жағынан әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауы есебінен өтеліп отыр. Алайда мұнай өндіру мен экспортта іркілістер туындаса, бұл кіріс көзіне де қауіп төнеді. Кейінгі онжылдықта Эр-Рияд шетелдік инвестиция тартуға және елді аймақтағы жетекші экономикалық орталыққа айналдыруға басымдық беріп келді. «Сондықтан аймақтағы қақтығысты одан әрі өршітіп, соғысқа белсене араласуға құлықсыз», - дейді сарапшылар.

Аймақтағы жанжалдың қақ ортасында қалған корольдік Йемендегі хуситтердің шабуылдарынан Қызыл теңіздегі кеме қатынасын қорғау үшін халықаралық коалиция құруға ұмтылуда. Қазір бұл бастаманы ондаған мемлекетпен талқылап жатыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz