Қытай роботтары домбыра шертеді.
Тіпті атқа мініп, садақ ататындары да бар. Қазір инженерлер бесаспап гуманоидтарды баптап халықаралық роботтар жарысына дайындап жатыр. Алғашқы сынақтың бірі Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында ұйымдастырылды.
Роботтар әлемінде бәсеке күшейді. Қазір құлтемірлердің мүмкіндіктері мен икемділігі әлдеқайда маңызды. Әсіресе адам жасайтын ұсақ қимыл-қозғалыстар мен тапсырмаларды дәл орындай алатын роботтар жоғары сұраныста.
Ли Маосун, инженер:
- Қазір робототехникада тактильді кері байланысқа ерекше мән беріледі. Яғни затқа жанасу арқылы кері байланыс жасайтын роботтар бағалы. Олардың сипап сезу жүйесі заттың пішінін, салмағын, күш мөлшерін анықтап, оны жасанды интеллектіге жеткізу қабілеті маңызды. Бұл тапсырмаларды мінсіз орындалуын қамтамасыз етеді.
Қазір Қытайда роботтар өнер мен спорт саласына қарқынды енгізіле бастады. Олар жасанды интеллекттің көмегімен атқа мініп, домбыра шертуге икемделіп жатыр. Нысана көздеп, садақ ататын роботтар да бар. Бұл еріккенің ермегі емес. Қытай билігі осындай іс-шаралар арқылы бәсеке туғызып үздік жобаларды анықтайды. Жеңіп шыққандарын қаржыландырып одан әрі дамытуға қолдау көрсетеді.
Сюэ Мин, Energy Relay роботтар командасының өкілі:
- Роботтар жан-жақты тексеріліп, іріктеледі. Қоршаған ортаға бейімдеу, басқару және тепе-теңдік пен дәлдік ерекше бақыланады. Әркім өз мүмкіндіктерін әртүрлі жағдайда көрсете алады. Бір робот жүгіреді, енді бірі адамдармен бірге шай жинауға қатысады. Ал кейбіреулері айдаһар қайықтармен жарысқа түсіп ескек еседі. Бұл шынайы өмірдегі жағдайға бейімдеу арқылы жасанды интеллект индустриясын дамытуға бағытталған шаралар.
Қытай бүгінгі күнге дейін адам тәрізді роботтың 400-ден астам түрін жасап шығарды. Ол әлем нарығындағы роботтардың жартысынан көп бөлігі. Бұл туралы елдің өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігі мәлімдеді. Сонымен қатар робототехника секторының қарқынды дамуына қатысты түсінік берді.
Ван Вэймин, Қытайдың өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігінің бас инженері:
- Қытай халықаралық бәсекеге жататын бағыттардың дамуын жеделдетті. Жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, баламалы энергия, биомедицина салаларында халықаралық стандарттарды дамытуға үлес қосатын мүддесі бір компаниялар тобы қалыптасты. Мәселен, бір ғана Қытайда жасалған төрт аяқты роботтардың әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 70 пайызға жуықтады.
Қазір Қытайдың робототехника саласының инженерлері Дүниежүзілік роботтар ойындарына дайындалып жатыр. Биыл тамыз айында Бейжіңде өтеді деп жоспарланған. Онда құлтемірлер 30 түрлі сынақтан өтеді. Ойын шеңберінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолданып, басқару дәлдігі және икемділігі жоғары жобалар анықталады.
Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #Қытай #робот #домбыра #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz