RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде киберқылмыс күшейіп барады

03.08.2026, 07:50 25

Интернет алаяқтар құлашын кеңге жайып, халықаралық деңгейге көшкен. АPAM-нан тапқан ақшаның да шет-шегі ұлғайып барады. Миллиардтап саналады. Интерпол арнайы операция жүргізіп, нәтижесін жариялады. 

Нұрбике Жігер, тілші:

- 2025 жылы Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, Аустралия мен Жаңа Зеландияда интернет-алаяқтықтан келген шығын көлемі 114,1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы келтірген дерек. Ал бірер күн бұрын Женевада өткен жиында Халықаралық көші-қон ұйымы қазір миллиардтаған қаржы айналымын жүргізетін бұл қылмыстық индустрияның қарқыны үдеп, ауқымы барған сайын кеңейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Эми Поуп, Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры:

- Бүгінде 80-нен астам елдің азаматтары алаяқтық орталықтарының құрбанына айналып отыр. Мұндай орталықтар әсіресе Азияда көп. Кей адамдар интернет алаяқтықпен тіпті мәжбүрлі түрде айналысады. Қылмыскерлер ағылшын тілін меңгерген, жоғары білімі бар немесе кәсіби даярлықтан өткен адамдарды әдейі таңдайды. Сондықтан шетелге жұмысқа шығар алдында жұмыс берушінің еңбек визасын рәсімдеуге дайын екеніне көз жеткізіп, ұсыныстың заңдылығын мұқият тексеру қажет.

Интернет арқылы адамның сеніміне кіріп, қаржысын жымқыратындардың қатары көбейген сайын, оларға қарсы халықаралық күрес те күшейіп келеді. Биыл Интерполдың 97 елде өткізген арнайы операциясы барысында 5811 күдікті ұсталып, заңсыз жолмен алынған 293 миллион АҚШ доллары мөлшерінде актив тәркіленді. Алаяқтар өзін мемлекеттік органның немесе ірі компанияның қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемденген. Қылмыскерлердің арбауына түскендердің саны 142 мыңнан асып жығылады.

Томонобу Кая, Интерполдың қаржылық қылмыстар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының директоры:

- Қылмыстық синдикаттар адамдардың психологиясын пайдаланып, түрлі айла-тәсіл арқылы өз қақпанына түсіреді. Бірде-бір мемлекет мұндай қатермен жалғыз күресіп, қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алмайды. Бұл қылмыстың жолын бірлескен іс-қимыл арқылы ғана кесуге болады. Интерпол мүше мемлекеттерге кешенді әрі үйлестірілген стратегия әзірлеуге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.

Кибералаяқтықпен күресте жекелеген елдер жазаны да күшейтіп жатыр. Мәселен, Мьянмада интернет-алаяқтыққа адамдарды мәжбүрлегендер мен оларға зорлық көрсеткендер енді өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Осы орайда, құмар ойындар мен онлайн алаяқтық ұйымдастыру үшін пайдаланылған 77 ғимарат бұзылатын болды. Әлем кибералаяқтарды әзірге осылай заңды қатайту арқылы тежеуге тырысып жатыр. Мұның белгілі бір дәрежеде нәтижесі болғанмен қылмыстың әзір тоқтайтын түрі көрінбейді.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Медет Қуанышбек, Жанұзақ Орабай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz