RU
Толық нұсқаға өту

Марокко Испанияға мигранттардың жаппай ағылу себебін түсіндірді

03.08.2026, 09:42 44

Марокко билігі Испанияның Сеута және Мелилья анклавтарына заңсыз мигранттардың жаппай басып кіруіне түрткі болған басты факторларды атады, деп хабарлайды «24KZ»

Мәліметтерге сәйкес, бұл дағдарыстың негізгі себептері қатарына интернеттегі дезинформация, адам саудасымен айналысатын желілердің әрекеті және Испаниядағы сот шешімдерінің бұрмаланып таралуы кірді. Марокко ІІМ бұл жалған ақпараттардың Еуропаға өту оңайырақ болды деген қате түсінік қалыптастырғанын атап өтті.

Миграциялық дағдарыс 30 шілдеде басталды. Сол кезде мыңдаған Марокко тұрғыны шекараны жүзіп, үрлемелі шеңберлер мен шағын қайықтар арқылы кесіп өткен болатын. Жарты тәуліктің ішінде испан қаласына 50 мыңға жуық адам кірді (Сеута билігі бұл көрсеткішті 60 мыңға жуық деп бағалады).

Reuters агенттігі Сеута билігіне сілтеме жасап, шекарадан өтпек болғандар арасында қаза тапқандар саны 72 адамға жеткенін хабарлады. Сонымен қатар, жүзіп өту кезінде «Магреб Атлетик» клубының 20 жастағы футболшысы Фатен Бен Амар эль-Азиз де көз жұмды. Марокко мен Сеута арасындағы қашықтық кей жерлерде 70 метрден аз, ал судың тереңдігі екі метрден сәл ғана асатындықтан, бұл адамдарда қауіпсіздік жайлы жалған сезім тудырған.

Испания бұл аймаққа әскерилерді жіберіп, қала мэры Хуан Хесус Вивас жағдайды гуманитарлық және әлеуметтік апат деп атады. Кейін Испанияның ІІМ екі ел Сеутаға заңсыз кірген мигранттарды дереу депортациялау бойынша келісімге келгенін мәлімдеді.

31 шілде күні кешке Испания үкіметі он мыңдаған мигранттың құрлықтағы шекара арқылы Мароккоға ерікті түрде қайтып оралғанын хабарлады. Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарестің айтуынша, дағдарыс тұрақталуда. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz