Марокко билігі Испанияның Сеута анклавына жаппай басып кіру әрекетінен кейін 11 мигранттың қаза тапқанын хабарлады. Алайда бұл көрсеткіш испан тарапы келтірген деректен айтарлықтай өзгеше – Испания кемінде 72 құрбан туралы айтып отыр, деп хабарлайды «24KZ» euronews -ке сілтеме жасап.
Еуропалық БАҚ таратқан мәліметтерге сәйкес, бұл оқиға Еуроодақта дипломатиялық шиеленіс тудырды. Кейбір мүдделес елдер Испанияның тым жұмсақ көші-қон саясатын қатаң сынға алды.
Марокко ІІМ өкілі Рашид Эль-Хальфидің айтуынша, қаза тапқан 11 адамның оны суға батып, біреуі жартастан құлап мерт болған. Сондай-ақ Марокко бұл деректерді тексеру және Испания аумағынан табылған мәйіттердің жеке басын анықтау үшін Испаниямен тығыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Министрлік мұндай жаппай ағылуға әлеуметтік желілерді «қасақана теріс пайдалану» және жалған ақпарат тарату себеп болғанын түсіндірді. Олар сондай-ақ Испания Жоғарғы сотының 8 шілдедегі қаулысы дұрыс түсіндірілмегенін атап өтті. Аталған қаулы бойынша теңіз арқылы келген мигранттарды басқалар сияқты тез депортациялауға болмайтын еді.
Ведомствоның мәліметінше, Сеутаға заңсыз кіруге 40 мыңға жуық әрекет жасалған. Ал шығысырақ орналасқан Мелилья анклавына өтпек болған 1135 адам дереу Марокко аумағына қайтарылды.
Испан билігінің дерегінше, соңғы күндері Сеутаға 60 мыңнан астам адам кіріп үлгерген, бірақ олардың басым бөлігі қазірдің өзінде Мароккоға кері қайтқан. Дегенмен, Мароккандық адам құқықтары қауымдастығы қаза тапқандар саны 130-ға жуық екенін, сондай-ақ ондаған адамның әлі де хабарсыз кетіп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі таңда прокуратура оқиға бойынша ресми тергеу жұмыстарын бастады.
Тегтер #Испания #Марокко #Сеута #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz