RU
Толық нұсқаға өту

Дунай өзені тартылып барады

03.08.2026, 10:15 34

Толқыны жағаны ұрып, арнасынан тасып төгіліп жататын Дунайдың кей тұсы қазір сирақтан аспайды. Бір замандарда су түбіне кеткен кемелер қайраңға шығып қалған. Тіпті ежелгі мамонттардың сүйегі көрініп жатыр. Дунай әсіресе Хорватия, Румыния, Мажарстан және Сербия тұсында таязданған. Соның салдарынан кемелер қатынай алмай жатыр. Венгрия мен Румынияда АЭС-тер жұмысын тоқтатты.

10 елдің аумағын басып өтіп, Қара теңізге құятын Дунайдың қазіргі күйі осы. Хорватияда су деңгейінің жағадан шамадан тыс шегінуі жергілікті тұрғындардың уайымына айналды. Мәселен, өткен ғасырдың 30-шы жылдары суға кеткен кеме қазір өзен бетінде көрініп жатыр.

Леа Видич, Ловас муниципалитетінің мэрі:

- Өзен бұрын-соңды бұлайша тартылған емес. Ал, су көлігі 1937 жылы батып кеткен. Бұл – Венгрияға тиесілі кеме. «Фултон» деп аталады. Нови-Сад қаласына жүк таситын. Соңғы сапары кезінде 50 вагон көмір апара жатқан.

Венгрияда да Дунайдың табаны көріне бастады. Кей жерінде адамдар жаяу жүріп өтетін болған. Будапеште көпірдің астынан Екінші Дүниежүзілік соғыстан қалған бірнеше авиабомба шықты. Әрқайсысының салмағы – 120 келі. Тұрғындарға қауіп төнгендіктен,  мамандар көпірдің айналасын қоршап, залалсындандыру жұмыстарын жүргізді. Метеоролгтардың айтуына қарағанда, кейінгі 3 айда аймақта тамшы тамбаған. Бұдан бөлек, Альпі тауларында мұздықтардың көлемі азайып, өзен толмай тұр.

Гарбор Кертеш, жергілікті тұрғын:

- Бұл климаттың өзгеруінің салдары. Көпірдің асты қазір шөл далаға ұқсайды. Бұрынғы мен қазіргіні салыстырсаңыз, айырмашылығы жер мен көктей.

Ал Болгарияда ауыл тұрғыны бұрын Дунайдың түбінде жатқан мамонттың сүйегін тапты. Жергілікті археологтар: «тиісті сараптама жасағаннан кейін,  төменгі жақ сүйегі мен екі азу тісін және бір қабырғасын өңірлік тарихи музейге тапсырамыз, - дейді.

Николай Ненов, өңірлік Тарихи музейінің директоры:

- Ерте заманда бұл аумақта  батпақты жер болған тәрізді. Мамонттар осы жерде тіршілік етіп, қырылып қалуы мүмкін. Нақтысы, зерттеу аяқталған соң белгілі болады.

Сербияда да бұрын-соңды болмаған ыстық күн шекеден өтеді.  Өзен суы жағадан 20 метрге шегініп, жүк кемелері  түгілі, қайықтар да қатынай алмай жатыр.  Табиғат жанашырлапы мұның соңы үлкен табиғи апатқа әкеп соғуы мүмкін, - дейді

Ранко Милошев, балықшы:

- Қайықтарын өзеннің ортасына шығарып үлгергендер ғана қатынап жүр. Жанармай тиеген анау жүк кемесінің қозғала алмай тұрғанына  1 жарым айдай болды.  Биыл туристік маусым ерте аяқталды. Круиздік лайнерлер қалаларға алыстан тоқтамаса,  жақындай алмайды.

Румынияда Дунайдың тартылуынан атом электр стансасының жұмысы ішінара тоқтады. Екі реактордың біреуі уақытша жұмыс істемей тұр. Өйткені, өзеннің суы жетіспейді. Бұл салқындату жүйесін істен шығаруы мүмкін. Мұның алдын алу үшін осындай сақтық шарасы қабылданған. Ал аптап ыстық ұзаққа созылса,  елдің энергетика саласына қауіп төнуі мүмкін, - дейді мамандар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz