RU
Толық нұсқаға өту

Бельгиядағы Қазақстан азаматтары Құрылтай сайлауына дайын

03.08.2026, 19:51 30

Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық шетелде де қызу жүріп жатыр.

Бельгияда жұмыс бабы және отбасы жағдайымен уақытша тұрып немесе білім алып жатқан отандастарымыз дауыс беру үшін Елшілік ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне бара алады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

23 тамыз күні Брюссельдегі елшілікте орналасқан сайлау учаскесі Бельгияда ғана емес көрші Люксембург мемлекетінде тұратын отандастарымыз үшін де өз есігін айқара ашады. Ғимарат Брюссельдегі дипломатиялық өкілдіктер шоғырланған тыныш әрі жап-жасыл Уккел ауданындағы Ван Бевер даңғылында орналасқан. Учаске номері — төрт жүз бес.

Қазір корольдіктегі еліміздің консулдық есебінде Қазақстанның 262 азаматы тұр. Бірақ ресми тіркеліп үлгермеген отандастарымыз да осында келіп, дауыс бере алады. Ол үшін Қазақстан азаматының жарамды жеке куәлігін немесе төлқұжатын көрсетуі қажет. Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілдері де ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмақ емес.

Уәлихан Бахретдинов, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

- 2 жыл тұрып жатқаннан кейін әрқашан саяси додаға, саяси науқанға қатысуға тырысамын. Әр азамат осы елшілікке келіп, Брюссельдегі Қазақстан Республикасының елшілігіне келіп, өзінің даусын беруге құқылы. Мен де өзімнің құқығымды пайдаланып, дауыс беруді жоспарлап жүрмін.

Дауыс беру барысында заңнамада белгіленген талаптардың сақталуын учаскелік сайлау комиссиясы қадағалайды. Қазіргі уақытта бақылаушылардың қатысуына байланысты әзірге өтініштер түспеді. Бельгияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық жастар үшін сайлауға қатысу елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге өз үлесін қосудың тағы бір мүмкіндігі болмақ.

Әлімсері Махамбетәлі, Левен Университетінің студенті:

- Бельгияда студент бола тұра еліміздегі саяси науқандарға белсенді қатысып жүрмін. Алда келе жатқан 23-і күнгі Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, еліміздің дамуына үлесімді қосып, даусымды бергім келеді.

Брюссель Астана уақытынан 3 сағат артта. Таңертең 7-де ашылған сайлау учаскесінің жұмысы кешкі 8-ге дейін жалғасады. Одан кейін комиссия мүшелері дауыстарды санауға кіріседі.

Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz