Анкарада суық су мен лимонад тегін. Ыстықтан қорғану үшін тіпті көше бойына жағалай субүріккіш орнатқан. Мұнда ыстық 35 градусқа дейін барады. Бұл Еуропалық ендікте жатқан Түркия үшін қатерлі жағдай.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Дәл қазір біз қаладағы ең салқын орындардың бірінде тұрмыз. Жоғарыда сым сияқты тартылған түтікше құрылғы ауаға су бүркіп, айналаны салқындатып тұрады. Ең тиімді тұсы, суды көп қажет етпейді. Мамандардың айтуынша, тіршілік нәрін үнемді пайдалана отырып, көшедегі ыстықтың әсерін азайтуға көмектеседі.
Ұзындығы 170 метр болатын салқындату жүйесі күннің ең ыстық уақытында үздіксіз жұмыс істейді. Мұндай орындар қазір қала тұрғындарының жиі аялдайтын нүктесіне айналған. Әкімдік жүйенің аптапта тиімді екенін айтып, оны шаһар орталығынан басқа аудандарға да орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бұдан бөлек, қалада жаз басталғалы қосымша ыстықтан қорғану орындары ашылды. Мұнда тұрғындарға тегін су таратылып, салқын жерде демалуына жағдай жасалған. Бұл жерге әсіресе, күн қатты қызған уақытта, сағат 12:00 мен 17:00 аралығында келушілер көбейеді. Дәл қазір Анкара уақытымен сағат 2, ыстықтан қашқан тұрғындар осы жерде бой жазып демалуда.
Метеорологтардың болжамына сүйенсек, алдағы күндері де Анкарада жоғары температура сақталады. Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, су көп ішуге және күннен қорғануға кеңес береді.
Тегтер #Анкара #аптап ыстық #субүріккіш #ауа райыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz