Солтүстік Қазақстан облысына "Жібек жолын қайта жаңғырту" веломарафонын ұйымдастырушы-саяхатшы келді. Грузиялық 56 жастағы Нодар Беридзе өзінің екі дөңгелекті темір тұлпарымен 29 елде болған. Енді ол қатарластарымен бірге Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық дәлізді жүріп өтпек.
Нодар Беридзе Грузияның Батуми қаласында туып-өскен. Өмір бойы күреспен шұғылданған ол осыдан 12 жыл бұрын велосипедке отырып, ел аралауға аттанды. Содан бері оның артында 70 мың шақырым жол мен 29 мемлекет бар. Қазір саяхатшы Петропавлға аялдады.
Нодар Беридзе, велосаяхатшы:
- Мен Петропавлға бірінші рет келіп тұрғаным жоқ. Бұған дейін мұнда 2017-інші жылдың жазында болдым. Қала өте ұнады. Көшелері тап-таза. Тұрғындары да қонақжай. Велосипедпен саяхаттау маған өте ұнайды. Ендігі өмірімді онсыз елестете алмаймын.
56 жастағы саяхатшы "Жібек жолын қайта жаңғырту" веломарафонын ұйымдастырып жатыр. 8 қатысушы қыркүйек айында Хоргос қаласынан жолға шығып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан арқылы Грузияның Батуми қаласына жетуді мақсат етеді.
Омари Харбедия, Грузин этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
- Оның бұл жобасы – бейбітшілік пен мейірімділіктің бастауы. Осылайша, олар Еуропа мен Азияны байланыстыратын "Ұлы жібек жолын" жаңғыртып, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізбек. Бұл туризм мен спортты да кеңінен насихаттайды.
Нодар Беридзенің ең ұзақ сапары Португалияның Лиссабон қаласына болды. Ол 24 мың шақырым жолды бір жыл бір айдың ішінде жүріп өткен. Осылайша ол әр елдің мәдениетімен танысып, тарихи орындарын аралайды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #саяхатшы #веломарафон #Нодар БеридзеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz