RU
Толық нұсқаға өту

Азияда аптап жалғасады

05.08.2026, 07:50 33

Жер бетінде ыстық күшейіп барады. Мұны орман өрттері, құрғақшылық, жауын-шашынның аз түсуі және өзен-көлдердің тартылуынан анық байқауға болады. Әсіресе кейінгі 3 жылда аптапты күндер көбейді. Ыстықтың зардабын қыбырлаған жәндіктен бастап, жер бетіндегі тіршілік атаулы түгел тартып жатыр. Ал адам баласы үшін экологиялық һәм экономикалық мәселеге айналды.

Жылдың төрт мезгілінің бірі жаз, қазір ертедегідей 3 айға ғана созылмайды. Ерте шығып, кеш кетеді. Еуропалық Copernicus қызметінің дерегі бұл. Мәселен, бұрын Еуропада 40°C ыстық ең жоғарғы температура саналса, жыл өткен сайын қалыпты құбылысқа айналып барады.

Орман өрті жиіледі. Құрғақшылық күшейді. Испания, Португалия, Грекия, Италия және Франция сынды Жерорта теңізі аймағы елдерінде орман өрттері бұрыннан кездеседі. Дегенмен қазір өрт маусымы ерте басталып, ұзаққа созылып, бұрын қауіп аз болған өңірлерге де таралып жатыр. Соның салдарынан экономикалық шығын артқан. Еуропалық қоршаған орта агенттігінің бағалауы бойынша 1980 – 2023 жылдар аралығында Еуропа экономикасына 738 миллиард еуро көлемінде шығын келген. Оның 162 миллиард еуросы кейінгі үш жылдағы залал мөлшері. Егер қазіргі үрдіс сақталатын болса, алдағы 25 жылда шығын көлемі 5,6 триллион еуродан асуы мүмкін. Қазір бірқатар ел суды барынша үнемдеуге тырысып жатыр. Өйткені су болмаса жарық та болмайды. өндіріс тоқтайды. шаруа жүрмейді.

Петер Мадьяр, Венгрия премьер-министрі:

- Қазір көптеген компания электр энергиясын тұтынуды ерікті түрде қысқартып жатыр. Алдағы 5 күнде синоптиктер аптап ыстық болады деп болжап отыр. Сынап бағанасы 42°C-тан асуы мүмкін. Ыстық басылғанша, яғни жұмаға дейін, осы ең қиын күндерде босаңсуға болмайды. Үкімет реттеуші органдармен және электр станцияларымен бірлесіп үздіксіз жұмыс істеуі қажет.

Венгрия премьер-министрінің бұлай алаңдайтын жөні бар. Ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан Дунай өзеніндегі су деңгейі рекордтық межеге дейін төмендеген. Соның салдарынан Венгрия «Пакш» атом электр станциясының жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Қазір қуаты 2 гигаватт, елдегі электр энергиясының шамамен жартысын өндіретін станция қуатының небәрі 10 пайызынан сәл ғана жоғары деңгейде жұмыс істеп тұр. Егер Дунайдағы тартылатын болса, апта соңына қарай станция жұмысы толық тоқтатылуы мүмкін. Сондай-ақ, елде электр тұтыну 700 мегаватқа қысқарып, электр желісіне түсетін жүктеме азайды. 

АҚШ өзен суын пайдалануды шектейді 

АҚШ-та да өзен суын тұтынуға шектеу күшейтілмек. АҚШ федералдық үкіметі Колорадо өзенін сақтап қалу үшін жаңа жоспар ұсынды. Құжат бойынша Аризона, Калифорния және Невада штаттары 2036 жылға дейін өзеннен алатын су көлемін кезең-кезеңімен қысқартады. Өйткені Колорадо өзені ондаған жылдар бойы шамадан тыс пайдаланылып келеді.

Бұған климат өзгерісі, ұзаққа созылған құрғақшылық қосылып, өзен суының көлемі айтарлықтай азайған. Соның салдарынан негізгі су қоймаларындағы су деңгейі рекордтық минимумға дейін төмендеген. Колорадо өзенінің суына АҚШ-тың 7 штаты, және Мексикадағы 40 миллионнан астам адам тәуелді. Сарапшылар жаңа шектеулер ауыл шаруашылығына, қалаларды сумен қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ су бағасының қымбаттап, жерасты суларына тәуелділіктің артуы және егістік алқаптарының бірте-бірте қысқаруы мүмкін.

Джон Бергрен, Western Resource Advocates Ұйымының саясат жөніндегі өңірлік менеджері:

- Бұл шектеулер аясында біз Калифорния, Аризона және Невада штаттарындағы су тапшылығының әртүрлі деңгейін көріп отырмыз. Оның көлемі 3,7 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін. Алайда келесі жылы мұндай ауқымды шектеулер болмайды деп үміттенімін. Климаттың өзгеруі және оның су қоймаларына тигізіп жатқан салдарына бей-жай қарауға болмайды. Жағдайында әркім өзінше үлес қосуға тиіс.

Азияда аптап жалғасады

Биыл Азияны да аптап ыстық жаз келмей жайлады. Оңтүстік Корея, Жапония сынды елдер ыстықтан қорғану үшін мемлекеттік деңгейде шаралар қабылдады. Өйткені мұндай ми қайнатар ыстық бұрын-соңды болмаған. Мәселен, осы аптада Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығысындағы Янсан қаласында сынап бағанасы 42,5 градусқа дейін көтерілді. Бұл – 1904 жылы бақылаулар басталғалы бері Оңтүстік Кореяда тіркелген ең жоғары температура. Жапонияда да 40 градуыс ыстық. Бұл – 2010 жылдан бері тіркелген жоғары көрсеткіш. Аптап ыстықтың салдарынан екі елде де құрылыс алаңдары мен ашық аспан астындағы жұмыстардың уақыты өзгертілді. Ауруханаларда ыстық өтіп шағымданған науқас қарасы көбейген. Сарапшылар, мұндай экстремалды температуралар алдағы жылдары жиілей түсуі мүмкін екенін айтып отыр.

Иә, күннің шамадан тыс ысуы, түрлі циклондар климат өзгерісінің көрінісі. Бұның салдары экологиялық, экономикадық және әлеуметтік мәселелерді одан сайын ушықтырып отыр. Біріккен Ұлттар ұйымы жағдай бақылаудан шығатын болса, мұның арты үлкен гуманитарлық дағдарысқа ұлғаюы мүмкін деп ескертеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz