Кенияда арнайы капсулаларға салынған мыңдаған құмырсқа Еуропаға заңсыз тасымалданып жатыр, деп хабарлайды «24KZ» DW сілтеме жасап.
Жолаушылардың жүгінен елдің жабайы табиғатты қорғау қызметкерлері оны жиі анықтайды.
Құмырсқаның бұл түрін еуропалық жастар хобби ретінде өсіреді.
Алып орақшы құмырсқа аналығының нарықтық құны 200 еуродан асады.
Кениядан жабайы жануарларды алып шығуға тыйым салынған. Елдегі браконьерлік деңгейінің жоғары болуына байланысты қатаң заңдар қабылданған. Бұл заңдар ең алдымен пілдер мен мүйізтұмсықтарды қорғауға бағытталғанымен, құмырсқаларды заңсыз алып шыққаны үшін де түрме жазасы немесе ірі көлемде айыппұл қарастырылған.
Соңғы жылдары жабайы жануарлардың интернет арқылы заңсыз саудасы айтарлықтай өсті. Есірткі саудасы сияқты басқа қылмыстық әрекеттермен салыстырғанда, бұл салада табыс жоғары, ал тәуекел әлдеқайда төмен. Зерттеушілер тобы 60 онлайн платформаны талдап, бағалары көрсетілген 260 мыңнан астам хабарландыруды анықтады. Ондағы жануарлардың жалпы құны шамамен 58 миллион еуроны құрады. Алайда бұл есепке жәндіктер енгізілмеген.
«Егер жабайы жануарлардың интернеттегі заңсыз саудасының бүкіл нарығын бағалайтын болсақ, оның көлемі миллиардтаған еуроға жетуі мүмкін», дейді зерттеуші Рассел Грей.
Құмырсқалардың заңсыз тасымалдануының салдары Еуропада, оның ішінде Германияда да байқала бастады. Солтүстік Африкадан шыққан Tapinoma magnum түрінің құмырсқа колониялары электр тарату қалқандарына ұя салып, Германияның оңтүстігінде электр қуаты мен интернет байланысының жиі үзілуіне себеп болып жүр.
Осы мәселені талқылау үшін 2025 жылдың жазында Аустрия, Швейцария және Германияның оңтүстігіндегі жергілікті билік өкілдері арнайы «құмырсқалар конференциясына» жиналды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Кения #құмырсқа саудасы #Еуропа #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz