RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ жапон валютасына бәс тікті

06.08.2026, 08:00 37

АҚШ Жапонияға көмекке келді. Құны төмендеп кеткен иенді сатып алып, күншығыс елінің қаржы нарығын бір реттеп қойды. Есесіне иенге шаққанда доллардың құны түсті. Бұлай боларын АҚШ білмей отырған жоқ. Бірақ Ақ үй жапондарды неғып жарылқап қалды? Иенге неге бәс тікті? Бұл уақытша жағдай ма? Иеннің кейінгі жағдай қалай болмақ?

АҚШ Қаржы министрінің қойын дәптеріндегі мына жазбасы жарияланған соң, Вашингтонның иен саудасына қанша қаржы жұмсағаны белгілі болды. Суретте Скот Бессент: "5-10 млрд долларға жапон валютасына сатып алу керек" деп өзіне түртіп қойғаны анық көрінеді. Financial Times басылымының дерегі бойынша Құрама Штаттар иен сатып алу үшін еуроны сатқан. Көп күттірмей, Америка Қаржы  министрі әлеуметтік желіде: "қажет болса, АҚШ Жапонияға қайта көмектесуге дайын" екенін жазды. 

Скот Бессент, АҚШ қаржы министрі:

- Дональд Трамп әкімшілігі Құрама Штаттар одақтастарын әрқашан қолдайды. Жапон валютасына қомақты қаржы құйылған соң, иен беки түсті. АҚШ Қаржы министрлігі жағдайды жіті бақылайды. Қажет болса, біз бұдан кейін де бірлесіп Жапонияның валюта нарығына араласуға әзірміз.

Доллардың күшеюі АҚШ-тың өзіне де тиімсіз. Өйткені экспортталатын америкалық тауарлардың бағасы қымбаттайды. Бұл бір есептен сыртқы саудаға әсер етеді. Президент Трамп болса, мұны "екі ел арасындағы достықтың нышаны" деп атады. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- АҚШ-тың Жапониямен арадағы қарым-қатынасы жақсы. Ол елдің валютасы әлсіреп, бізден көмек сұрады. Жалпы Перл-Харбор оқиғасын ескермегенде, Жапония бізге жақсы одақтас бола білді.

Күн Шығыс елі мұнай мен газды сырттан тасиды. Ал Ормуз бұғазының жабылуы әлемдегі жетекші экономиканың бірі Жапонияға қатты әсер етті. Сондай-ақ бұл елде базалық мөлшерлеме АҚШ пен Еуропамен салыстырғанда төмен. Сондықтан инвесторларға иенмен қарыз алып, долларға салған тиімді. "Жапон ақшасының құнсыздануының түпкі себебі осы", - дейді сарапшылар. Сөйте тұра, елдің Орталық банкі осы уақытқа дейін базалық мөлшерлемені 1 пайыздан жоғары көтерген емес. Алайда қазір бұл елде азық-түліктен бастап, тұрғын үйге дейін қымбаттап жатыр. 

Кадзуо Уэда, Жапония банкінің басшысы:

- Инфляцияның көлемі 2 пайызға жақындап қалды. Баға тұрақтылығын реттеу үшін сақтық танытуымыз керек. Өйткені ақша-несие саясатын дер кезінде қатаңдатпасақ, бұл қаржы нарығы мен экономикаға әсер етуі мүмкін.

АҚШ Жапонияның валюта нарығына 15 жылдан кейін қайта араласып отыр. Қазір иен бағасы тұрақталды. Алайда сарапшылар: "бұл уақытша ғана құбылыс" деп санайды. 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz