АҚШ-тың қор нарығы жоғары қарқын көрсетіп тұр. Алыстағы Иранмен соғысып жатқан мемлекеттің шығыны шаш-етектен екені белгілі. Сонда ақша қайдан келіп жатыр?
Себеп - америкалық инвесторлар озық технологияға арқа сүйейді. Ірі компаниялар нарықтағы тәуекелдерге қарамай, жасанды интеллектіге көбірек инвестиция құяды. Нәтижесі осы. Дегенмен бұл АҚШ байып кетті деген сөз емес. Алпауыт державаның мемлекеттік қарызы келер жылы 41 триллион доллардан асуы мүмкін.
Жасанды интеллект барған сайын қуатты күшке айналып барады. Тұтас бір экономиканың тірегіне айналып отыр деуге негіз бар. АҚШ қор нарығындағы кейінгі жоғары көрсеткіштерге технологиялық компаниялардың табысы тікелей әсер етіп отыр. Мәселен, Palantir компаниясының АҚШ үкіметтік келісімшарттарынан түскен табысы бір жыл ішінде 93%-ға артқан. Қазір акциялары бір күн ішінде 30%-ға дейін өсіп жатыр. Palantir Technologies - үлкен деректерді талдауға және өңдеуге арналған бағдарламалық жасақтама шығаратын америкалық технологиялық компания. Оның қызметін АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы, Федералдық тергеу бюросы, Пентагон және ірі коммерциялық ұйымдар пайдаланады.
Кеше Wall Street негізгі индекстері сауда-саттықты өсіммен бастады. Бұл индекстер қор нарығының жалпы бағытын көрсетеді. Олар инвесторлардың көңіл күйін және экономиканың жағдайын бағалауға көмектеседі.
Dow Jones - АҚШ-тың ең ірі әрі танымал 30 компаниясының акциялары негізінде есептелетін индекс. Ол өнеркәсіп, қаржы, денсаулық сақтау сынды салаларды қамтиды. S&P 500 АҚШ-тағы 500 ірі компанияны қамтиды. АҚШ экономикасының ең маңызды көрсеткіштерінің бірі деуге болады. Ал Nasdaq мыңдаған компанияның акцияларын қамтиды. Бұл индексте технологиялық компаниялардың үлесі жоғары. Әсіресе Apple, Microsoft, NVIDIA сияқты технологиялық алпауыттардың қарқынды дамуы оған тікелей әсер етеді.
Шана Орчик Сиссель, Banríon Capital Management бас директоры:
- Осы аптада технологиялық компаниялардың акциялары айтарлықтай өсті. Көптеген компания, cоның ішінде технология секторынан тыс кәсіпорындар да өте жақсы қаржылық нәтижелер көрсетті. Бұл жалпы нарықтағы оң серпінге ықпал етті деп ойлаймын. Нарықтық құны жоғары ірі компаниялар мен ауқымды технологиялық кәсіпорындардың да бағалануы инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Компаниялардың қаржылық табысы да жақсы деңгейде.
Бұл 1990-жылдардың соңындағы интернет дәуірін еске түсіреді. Ол кезде де инвесторлар цифрлық технологиялар экономиканы түбегейлі өзгертеді деп сенді. Айырмашылығы қазіргі жасанды инттеллект тек технология секторына емес, өнеркәсіп, құрылыс, қорғаныс, денсаулық сақтау және қаржы секторларына да әсер етіп отыр. Сондықтан бүгінгі нарықтың өсуі тек технологиялық компаниялардың емес, бүкіл экономиканың өнімділігі артады деген болжамға негізделген.
Қор нарығына мұнай бағасының төмендеуі де оң әсер етті. Brent маркалы мұнайдың бағасы 5,3 пайызға арзандап, барреліне 79,36 долларға түсті. Өткен айда қара алтынның құны 72-ден 102 долларға дейінгі аралықта қатты құбылған еді. Бұған Иранмен арадағы соғысқа байланысты шешімдер әсер етті. Нарық қатысушылары Парсы шығанағынан мұнай танкерлерінің әлемдік нарыққа қайтадан шығуына, кеме қозғалысының қайта жандануына үміт артады. «Егер мұнай нарығындағы тұрақсыздық басылып, пайыздық мөлшерлемелер төмендей бастаса, бұл акциялар нарығына қосымша серпін беруі мүмкін», - дейді сарапшылар.
Дин Смит, Foliobeyond сарапшысы:
- Қазір нарыққа әсер етіп отырған үш негізгі фактор бар: соғыс, бюджет тапшылығы және жасанды интеллект. Соғысқа қатысты жаңалықтар оң сипат алса, нарық та бірден өсім көрсетеді. Ал жағдай күрделене түссе, инвесторлардың көңіл күйі де өзгереді.
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы өсуі мүмкін
Егер Иран төңірегіндегі жағдай қайта шиеленісіп, мұнай бағасы көтерілсе, инфляциялық қысым күшейеді. Ондай жағдайда Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені жоғары деңгейде ұзақ сақтауы мүмкін. Бұл қор нарығына, мемлекеттік қарыздың құнына бірдей қысым түсіреді. АҚШ-тың мемлекеттік қарызы келер жылы 41,1 триллион доллардан асуы мүмкін. Мұндай болжам Вашингтондағы екі партиялық саясат орталығының баяндамасында жазылған. Былтыр АҚШ Конгресі мемлекеттік қарыздың шекті деңгейін 5 триллион долларға көтеріп, 36,1 триллион доллардан 41,1 триллион долларға дейін ұлғайтқан болатын. Сарапшылардың айтуынша, содан бері осы лимитке кіретін қарыз көлемі 2,9 триллион долларға өскен.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, АҚШ-та мемлекеттік қарыздың өсуіне Иранға қарсы әскери операция шығындары тіікелей әсер етеді. Пентагонның мәліме бойынша бұл шығын шамамен 29 миллиард долларға жеткен. Қазір қарыз көлемі 39,2 триллион доллар. «Егер технологиялық серпіліс өнімділікті арттырып, экономикалық өсімді жеделдетсе, қарыз жүктемесін басқару жеңілдеуі мүмкін», - дейді сарапшылар.
Тегтер #АҚШ #қор нарығы #ақша #компаниялар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz