Оңтүстік Корея полициясы Қазақстан үкіметіне алғыс білдірді. Себеп - екі ел бірлесіп, бір үдеден шығып қылмыскерлерді ұстады. 23 шілде күні Алматыда екі елдің арнаулы қызметтері кореялық азаматтардан ақша бопсалаған қылмыстық топтың жолын кескен еді. Кеше сол топтың қалған мүшелері Инчхон әуежайына жеткізілді. Халықаралық қылмыспен күрес операциясы «Ине» деп аталған. Неліктен олай аталды?
Бұл кадрлар 23 шілдеде Алматыдағы пәтерлердің бірінде алаяқтық күдігімен ұстау кезінде түсірілген. Кореяның Ұлттық полиция басқармасы қаскөйлердің кол-орталық құрып, Қаржылық қадағалау қызметі, прокуратура және сот қызметкерлерінің атын жамылғанын хабарлады. Ұйым мүшелері міндеттерді нақты бөліскен: біреулері құрбан іздеумен айналысса, екіншілері мемлекеттік органдардың өкілдері болып көрінген, үшіншілері ұрланған қаражатты алған. Жәбірленушілерді шоттарының қылмысқа қатысы бар деп сендіріп, қонақүйге тығылуға, туыстарымен және таныстарымен байланысты үзуге, сондай-ақ алаяқтардың нұсқауларын бұлжытпай орындауға мәжбүрлеген. Осылайша Кореядағы 16 жәбірленушінің шамамен 600 миллион вонын немесе 430 мыңға жуық АҚШ долларын жымқырған.
Егер Қазақстан мен Кореяның арнаулы қызметтері бұл топтың қызметін алғашқы кезеңде жоймағанда, келтірілген шығын бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бірлескен операцияға Оңтүстік Кореяның полициясы, Ұлттық барлау қызметі, Сыртқы істер және Әділет министрліктері, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі қатысты.
Ким Бён Джу, Корея Республикасы Ұлттық полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Корея полициясы мен Ұлттық барлау қызметі бірлескен әрекет ету тобын құрып, Қазақстан билігімен көптеген келіссөздер жүргізді, бірлескен операция өткізу туралы келісімге қол жеткізді. Алаяқтық ұйымының бар екенін растап, оларды бақылап, ұстау шарасына тікелей қатысты. Бұл - кореялық скам-ұйымның өз базасын Оңтүстік-Шығыс Азиядан басқа жақтағы үшінші елге көшіргені ресми түрде расталған алғашқы жағдай. Тез ұстау операциясының арқасында қылмыскерлердің Қазақстанды жаңа базаға айналдыру әрекетіне тосқауыл қойылды.
Бастапқыда бұл топ Камбоджада әрекет етіп, кейін Вьетнамға ауысқан, ал биыл сәуірде Қазақстанға орналасқан. Орталық Азияға көшу Оңтүстік Корея билігінің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық топтарға қарсы күресті күшейтуінен кейін орын алды. Бір жердегі қысым басқа жаққа ауысуға әкелетін так называемый «ауа шары эффектісі» туындады. Сондықтан қазақстандық-кореялық бірлескен арнайы операцияны «Ине» деп атады, бұл «шарды тесу» және қылмыстың жаңа өңірлерге таралуының жолын кесу ниетін білдіреді.
Ким Бён Джу, Корея Республикасы Ұлттық полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Қылмыскерлер Қазақстанды таңдады, өйткені мұнда айти-инфрақұрылым жақсы дамыған. Осы тұрғыдан Қазақстан басқа елдерден оқ бойы озық тұр. Екіншіден, Қытаймен де, Қырғызстанмен де ортақ шекара бар, сондықтан қылмыс жасағаннан кейін сол елдерге қашып кетеміз деп ойлады. Үшіншіден, олар көпұлтты ортада аса көзге түспей, оңай із жасырамыз деп есептеді.
Алматыда 20 мен 40 жас аралығындағы 13 ер адам мен бір әйел ұсталды. Олардың барлығы Оңтүстік Кореяға жеткізілді. Алайда бас ұйымдастырушы және Қытайда жүрген Қытай азаматтары болып табылатын екі әкімші, сондай-ақ топтың кейбір басқа мүшелері басқа елдерге қашып кеткен. Оңтүстік Кореялық полицейлер егер қылмыскерлерге Қазақстанда да қысым күшейсе, олар өз әрекеттерін аймақтағы басқа мемлекеттерге ауыстыруға тырысуы мүмкін деп есептейді. Сондықтан олардың ықтимал көшу бағыттарын алдын ала жабу үшін ақпарат алмасу және өзара іс-қимыл жүйесін құру бойынша халықаралық келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Таңдаулы #алғыс #Оңтүстік Корея #полицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz