RU
Толық нұсқаға өту

Роботтар нарығы энергияға тәуелді

07.08.2026, 07:35 35

Алдағы 14 жылда Жер бетіндегі гуманоидты роботтар саны 100 миллионға жетуі мүмкін. Ал нарық көлемі 5 триллион доллардан асады деген болжам бар. Тіпті болашақта роботты адамнан айыру қиындайтын түрі бар. Жасанды интеллектінің арқасында ақылына ақыл қосып, қимыл-қозғалысы ширап келеді. Дегенмен технология тірі организм емес, оған қуат көзі қажет. Қазір әлемде энергия тапшылығының өткір сезіліп отырғаны да осыдан.

Гуманоидты роботтардың қабілеті барған сайын ашылып келеді. Олар жүреді, жүгіреді, ауыр заттарды көтереді, өндірісте жұмыс істейді. 

Бірақ бір әлсіз тұсы,,, олар тез шаршайды. Яғни,, қуаты тез таусылады. Мәселен, қазіргі гуманоидтар үздіксіз 2--4 сағат қана жұмыс істейді. Батареясын уақытылы ауыстырып, қуаттап отырмаса болмайды. Бұл дегеніміз, болашақта роботтар көбейсе, электр энергиясына да сұраныс артады деген сөз. Роботтың денесі электрмен жұмыс істейді, ал оның интеллектісі көбіне бұлттық есептеу жүйелеріне сүйенеді. Сондықтан бір робот энергияны екі есе қажет етеді. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сүйенсек, алдағы 4 жылда деректер орталықтары қуат көзін екі есе көп тұтынатын болады. Биылдың өзінде жылдық тұтыну көлемі 565 тераватт сағатқа жетуі мүмкін. Бұл кейбір ірі мемлекеттердің жылдық электр тұтынуымен шамалас көрсеткіш. 

Адамға ұқсас роботтардың пайда болуы аккумуляторлар мен никель сияқты стратегиялық маңызды материалдарға деген сұранысты арттырды. Бұл сала дамыған сайын роботтардың өнімділігі мен тиімділігін жетілдіруге деген талап күшейе береді.

Ал болашақта жүз миллион робот немен қуаттанады? Бір гуманоид робот орташа есеппен тәулігіне шамамен 10 киловатт энергия тұтынуы мүмкін. Егер мұндай роботтардың саны 100 миллионға жетсе, олардың жылдық электр сұранысы шамамен 400 тераватт болады. Бұл кей елдердің бір жылда өндіретін электр энергиясына тең. Әрі бұл жерде мәселе тек электр станцияларын көбейтуде емес. Электр желілері де мұндай жүктемеге дайын болуы керек. Егер миллиондаған робот бір уақытта зарядталса, трансформаторлар мен тарату желілеріне екі есе салмақ түседі. Бұл ретте роботтар электр қуатын судай сіміріп қана қоймай, энергетика саласының дамуын да жеделдетуі мүмкін. Яғни атом электр станцияларының саны артады. Күн және жел электр энергиясына сұраныс көбейеді. 

100 миллион гуманоид роботтың аккумуляторларын жасау үшін 400 – 800 мың тонна катодтық материал қажет болады. Бұл литий, никель және кобальт сияқты стратегиялық металдарға сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізеді. Сондықтан роботтар дәуірі тау-кен өндірісі, аккумулятор технологиялары және қайта өңдеу индустриясын да түбегейлі өзгертуге ықпал етеді. Қазір АҚШ литий мен сирек металдарға тәуелділікті азайту үшін өз өндірісін дамытуға басымдық беріп жатыр. Ал Еуропа ескі аккумуляторларды қайта өңдеу жүйесін күшейтпек. Қытай болса,, литий өңдеу, аккумулятор өндірісі және сирек жер элементтері саласында үлкен өндірістік база қалыптастырды.  

Болашақта роботтардың өз азығы болады

Болашақта роботтардың өз азығы болады. Ғалымдар жаңа буындағы аккумуляторларды зерттеп жатыр. Теория жүзінде олардың энергия сыйымдылығы қазіргі литий-ионды батареялардан әлдеқайда жоғары. Кейбірі тіпті жануар майының энергия тығыздығына жақындайды. Келешек роботтар металл немесе химиялық отынды пайдаланып, энергия өндіретін жасанды метаболизмге ие болуы мүмкін. Мұндай жүйе жануарлардың ас қорытуына ұқсас жұмыс істеп, роботтың ұзақ уақыт тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Әйтпесе 45 минут қана жұмыс істейтін құтқарушы робот іздестіру операциясын аяқтай алмауы мүмкін. Әр сағат сайын зарядтауды қажет ететін ауыл шаруашылығы роботы егінді уақытында жинап үлгермейді. Қоймалар мен ауруханаларда қысқа жұмыс уақыты қызмет құнын арттырып, жұмысты қиындатады. Егер роботтар болашақта қарт адамдарға көмектесіп, қауіпті аймақтарды зерттеп, адамдармен бірге жұмыс істейтін болса, онда олардың бірнеше минут емес, бірнеше сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуі керек.

 Роботтардың болашағы оларды қуаттандыратын энергетикалық жүйенің мүмкіндігіне тікелей байланысты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz