RU
Толық нұсқаға өту

Газа халқы азапты өмір кешіп жатыр

07.08.2026, 09:00 42

Газа тұрғындары ыстықтан да зардап шегіп жатыр. Өйткені жұртта баспана жоқ. Көпшілік синтетикалық материалдардан тігілген шатырларда тұрып жатыр. Мұндай шатырда тыныс алу қиын. Ауа жоқ. Оның үстіне ауыз су да тапшы. Халықаралық ұйымдар Газа секторындағы гуманитарлық ахуалды тездетіп реттемесе, мұндағы адамдардың жағдай өте мүшкіл екенін ескертеді. 

Махмұд Хиджази мен оның отбасысының мына шатырда тұрып жатқанына 1 жылдан асыпты. "Онсызда өлместің күнін кешіп жүргенде, аптап ыстық "жығылғанға жұдырық" болды", - дейді ол. Халық қара суға да зәру. Тіршілік нәрі күніне бір-ақ рет жеткізіледі. Оның  өзі ас әзірлеуге ғана жетеді. Бірнеше аптадан бері сынап бағанасы 40 градустан түспей тұр. "Ал қалың синтетикалық материалдан тігілген шатыр ауа өткізбейді. Сондықтан ішінде отыру мүмкін емес", - дейді тұрғындар. 

Махмұд Хиджази, жергілікті тұрғын:

- Ыстық күн шекеден өтіп барады. Күндіз шыбын-шіркейге таланамыз. Ал түнде егеуқұйрықтар қаптайды. Далада көлеңке жер жоқ. Мен жарымжанмын. Маған желдеткіш қажет. Бірақ бізде оны іске қосатын электр қуаты жоқ.

Босқындар лагерінде халық тығыз қоныстанған. Ал, тұрғындар қоқыстың  ортасында тұрып жатыр. Соның  кесірінен кәріз жүйелерінде жәндіктер көбейген. Бұдан әсіресе балалар зардап шегіп жатыр. Маса мен шыбын-шіркей шаққан жерлері қызарып,  жараға айналады. Оның үстіне  тазалық пен медициналық көмектің жоқтығынан денедегі жара ұзақ жазылмай, қиналады.

Азза Әл-Хатто, жергілікті тұрғын:

- Қызымның денесін жара басып кетті. Жазылатын түрі көрінбейді. Өміріміз азапқа айналды. Бір жерге тұрақтамаймыз. Көшіп-қонып жүреміз. Таза ауыз су іздеп, бірнеше елді-мекен ауыстыруға тура келді.

Газа секторындағы ахуал мүшкіл. Ал Израиль шекараны бекітіп тастаған. Гуманитарлық көмекті тек Керем-Шалом өткізу бекеті арқылы өткізеді. Тексеріс болса, апталап, тіпті айлап жүруі мүмкін. Мұнысын қауіпсіздік үшін қажет дейді. ЦАХАЛ гуманитарлық көмек қарулы топтардың қолына түсе ме деп қауіптенеді. БҰҰ-ның дерегі бойынша, жүкті жеткізу жағы алдағы уақытта реттелмесе, 1,4 млн адам, яғни халықтың 70 пайызы ашаршылыққа душар болуы мүмкін.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz