RU
Толық нұсқаға өту

Ғалымдар шөптің ыстыққа төзімді түрін шығарды

08.08.2026, 10:00 37

Ирак ғалымдары климат өзгерісіне төзімді шөптің түрін ойлап тапты. Бұл өсімдік қоршаған ортаға оттегіні мол бөлумен қатар, аптап ыстықпен күресуге көмектеседі, - дейді мамандар.

Жалпы жаңа шөп түрінің шөл-шөлейтті аймақты көгалдандыруға әсері қандай болмақ?

Басра - әлемдегі ең ыстық қаланың бірі. Жазда шаһарда сынап бағанасы 52 градусқа дейін ысиды. Ми қайнатар аптаптан бөлек, шөлейтті аймақта әуелден жауын-шашын аз. Топырағы да тұзды. Сондықтан, қалада көктің шығуы қиын. Бұл мәселені шешу үшін ергілікті ғалымдар шөптің ыстыққа төзімді жаңа түрін ойлап тапты. Мамандар бұған голландиялық және жергілікті өсімдіктерді будандастыру арқылы қол жеткіздік, - дейді. Енді биліктегілер қаланың төңірегін 14 шақырымға созылатын жасыл желекпен көмкеруге ниетті.

Виссам Хассан Атия, инженер:

- Шөптің жаңа тұқымы суды көп қажет етпейді. Сондай-ақ ыстыққа төзімді. Бұл өсімдік Басраның климатына қолайлы. Қазір егу жұмыстары жүріп жатыр. Әдетте аптап ыстықта шөп өсіру мүмкін емес. Бұл технологиямыздың тиімділігін көрсетсе керек.

Әлемде мұнайдың елеулі бөлігін өндіретін Басра қаласында кен орындары мен зауыттар көп. Сондықтан шаһардағы ауа сапасы нашар. Бұл қала климатының өзгеру қаупін артырады. Ал жасыл белдеу ыстық бетін қайтаруға сеп болары анық. Ғалымдар көшеде өсіп тұрған көк температураны төмендетеді, - дейді.

Мохаммед Ахмед Хусейн, Экологиялық жоба жетекшісі:

- Иракта әсіресе, Басрада жағдай күрделі. Себебі елдегі мұнай өндірісінің негізгі нысандары осы қалада шоғырланған. Ғаламдық жылынумен күресте ең тиімді тәсілдің бірі бұл - көгалдандыру.

Ирак билігі көгалдандыруды мұқият жоспарлап, алдағы екі жылда 25 млн түп ағаш егуге ниетті. Соның 10 миллионын Басрада отырғызуды жоспарлап отыр. Суарудың шешімін де тапқан сыңайлы. Кәріз және техникалық суды пайдаланбақ. Ал қара суға зәру аймақ үшін бұл маңызды шешім.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz