RU
Толық нұсқаға өту

Еуропада ұлы ақын есімі ұлықталды

10.08.2026, 12:50 43

Брюссель қаласы Cэн-Жиль коммунасының ғимаратында Ұлы Абай мүсіні орнатылады. Бұл туралы арнамызға аудан мэрі Жан Спинетт хабарлады.

Жалпы қазақ руханияты мен мәдениетінің символына айналған тұлғаға шетелдіктердің құрметі ерекше. Олар Абай шығармаларын оқып қана қоймай, өлеңдерін француз және нидерланд тілдерінде жатқа айтады. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Сэн-Жиль – Брюссельдегі халық тығыз орналасқан әрі түрлі мәдениет тоғысқан 19 коммунаның бірі. Не бары 2,5 шаршы шақырым аумақта 49 мыңға жуық адам, 140-қа тарта ұлт өкілі тұрады. Сондықтан да болар мұнда әлем халықтары руханияты мен мәдениетіне айрықша көңіл бөлінеді.

Сәулеті келіскен, мәдениеті дамыған ауданды өткен ғасырдың 50 жылдары Еуропалық институттардың іргетасын қалаушылардың бірі Поль-Анри Спаак басқарған. Танымал саясаткердің мүсіні коммуна ғимаратының төріне қойылған. Алдағы уақытта оның жанына тағылымы талай жұртқа азық Ұлы Абайдың бюстін орнату жоспарланып отыр. 

Жан Спинетт, Сэн-Жиль коммунасының мэрі:

- Мен мәдениеттер мен мемлекеттер арасында байланыс орнатуға үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру өте маңызды деп санаймын. Бұл ізгі құндылықтар Абай мұрасынан айқын көрініс табады. Сондықтан ақынның есімін Сэн-Жильде ұлықтау бастамасын қуана құптаймын.

Алматыда ұзақ жылдар тұрған бельгиялық кәсіпкер Лионель Фукс еліміздің тарихын көп зерттеген. Оның халқымыздың мәдениетіне терең бойлауына Абай мұрасы себепші болды. Кәсіпкерді ұлы ойшылдың идеялары мен ағартушылық бағыттағы еңбегі ерекше қызықтырады.

Лионель Фукс, кәсіпкер:

- Абай қазақ қоғамының дамуына Еуропадағы ағартушылық дәуірінің көрнекті ойшылдары сияқты сүбелі үлес қосты. Ол тек ақын ғана емес, орыс классиктерінің туындыларын аударып, сол арқылы қазақ оқырманын еуропалық авторлардың, оның ішінде Гете мен Байронның шығармашылығымен таныстырды.

Абай күніне орай Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі арнайы мәдени жоба ұйымдастырды. Жергілікті диаспора өкілдері мен шетелдіктер қазақ, француз және нидерланд тілдерінде ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, әндерін шырқады. Оны әлеуметтік желіде жариялап, оқырмандарын ұлы ойшылдың бай мұрасымен таныстырды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz