RU
Толық нұсқаға өту

Испанияда жоғалған мигранттарды туыстары іздестіріп жатыр

11.08.2026, 07:45 38

Испанияның Сеута қаласында хабар-ошарсыз кеткен мигранттарды туыстары іздеп жүр. Өткен аптада Мароккодан еуропаға ағылған заңсыз босқындар саны 70-мыңнан асқан еді. Алайда көбі діттеген жеріне жете алмай, кері қайтты.

Кейінгі дерек бойынша, жүзден астам адам ажал құшты. Дені суға кетіп, көз жұмған. Ал кейбірі шекарада құжынаған жұрттың арасында жаншылып жан тапсырған. Ұшты-күйлі жоғалған мигранттардың отбасылары олардың өлі, не тірі екенін біле алмай дал. 

Испаниямен қоңсы жатқан Марокконың Фнидек қаласы. Бірнеше күннен бері бұл жерді ізім-қайым жоғалып кеткен мигрантардың туыстары торуылдап жүр. Солардың бірі - Ибтиссам Чари. 18 жастағы ұлына әлеуметтік желі арқылы іздеу жариялап, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелерге хабарласқан. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. «Ауруханаға түсті ме әлде ұсталды ма? Ешкім нақты айта алмайды», - дейді ол.

Ибтиссам Чари, жоғалған мигранттың анасы:

- Бірнеше күннен бері баламнан хат-хабар жоқ. Шекара ашылғанын ести сала, достарымен жолға шықты. Бірінші күні Сеутаға жеттік деп хабарласты. Содан бері сөйлескенім жоқ. Үмітсіз шайтан. Сүйінші хабар естіп қалармын деп осында күнде келемін. Достарының көбі кері қайтты. Олардың айтуына қарағанда, біраз адам ажал құшқан. Солардың арасында балам болмаса екен деп тілеймін.

Испанияда көші-қон дағдарысы өткен айдың аяғында күшейді. Аймаққа 70 мыңнан аса заңсыз мигрант кірген. Өйткені шекара ашық және Сеутаға жеткендер Мароккоға қайтарылмайды деген жалған ақпарат тарайды. Премьер-министр Педро Санчес мұны адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтар ұйымдастыруы мүмкін деп санайды.

Мохтар, жоғалған мигранттың әкесі:
- Ұлымды іздеп бүкіл аурухананы араладым. Мәйіттер Тетуан қаласына жеткізіліп жатыр дегенді естіп, сол жаққа да барып келдім. Таппадым. Ұлым, егер мені көріп тұрсаң, хабарласшы. 
Жоғалған мигранттың анасы
-  Мен Хайтамның анасымын. Жасы - 23-те. Соңғы рет әлеуметтік желіден видеосын көрдім. Ол менің жалғыз ұлым. Хабар-ошарсыз кеткен соң, Суетаға өзім іздеп келдім.  

Еуропа заңсыз мигранттарды қабылдауға ниетті емес. Франция шекаралық бақылауды күшейтті. Италия Испаниямен визасыз режимді бір айға тоқтатты. Тіпті Барселонаны Шенген аймағынан шығаруды ұсынды. Мұны Финляндия мен Дания билігі де қолдады.

Мароккодан келген мигрант:

- Мароккода жайлы үйім, тұрақты жұмысым болса, елде қалар едім. Бірақ мұның бірі де жоқ қой. Адамдар жақсы өмірге ұмтылған соң, осы жаққа қарай ағылып жатыр. Жолда адамдардың өліп жатқанын естісек те, басқа амалымыз жоқ. Мен теңіз арқылы келдім. Жағада 4 адамның мәйітін көрдім. Тағы бірнешеуінің денесі суға батып кетті.

Ал Еуропалық комиссия төрағасы Урсула Фон дер Ляйен ЕуроОдақтың шекара шебін қорғау - ұйымға мүше елдерге ортақ міндет екенін ескертті. «Сондықтан ол заңсыз көші-қонды азайтатын іс-шараларды бірігіп қарастыруымыз қажет», - дейді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz