Ауғанстанда аштықтан құр сүлдері қалып, ауруханаға түсіп жатқан бала көбейді. БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, биыл бұл көрсеткіш 79 пайызға артқан. Алаңдатарлығы сол, көп ата-ана дәрігерге тым кеш жүгінеді.
Ал ағзасы әбден әлсіреген балаға ешқандай ем қонбайды. Тәліптер билікке келгелі ірі донор елдердің мемлекетке гуманитарлық көмекті қысқартуы да жығылғанға жұдырық болды. Қазір халықаралық ұйымдардың қаржысы әр жеті адамның тек біреуін тамақтандыруға жетеді.
Джон Эйлиф, БҰҰ-ның Ауғанстандағы азық-түлік бағдарламасының өкілі:
- Күш біріктіріп, жедел әрекет етпесек, балалар арасында өлім көбейеді. Олардың басым бөлігінің ауруы асқынған. Әлемдік геосаяси ахуал мәселені тіптен ушықтырып жіберді. Жұмыссыздық пен Таяу Шығыстағы қақтығыс, климаттың өзгеруі тағы бар. Салдарынан Ауғанстанды қымбатшылық жайлады. Қазір миллиондаған әйел мен бала тойып тамақ ішпейді. Сондықтан азық-түлік сұрап, жергілікті медициналық орталықтарды жағалауға мәжбүр.
Ауғанстанда күнкөріс онсыз да қиын. Ал кейінгі 2 жылда Иран мен Пәкістаннан 6 млн ауған азаматы кері қайтты. БҰҰ-ның дерегі бойынша, биыл бұл елге тағы 2,7 адам оралуы мүмкін. АҚШ-тың Иранмен арадағы соғысы, сондай-ақ Ауғанстанның Пәкістанмен шиеленісі жүк тасымалына әсер етті. Ал бұл азық-түліктің 30 пайызға қымбаттауына әкеп соқты.
Таджудин Ойвале, ЮНИСЕФ-тің Ауғанстандағы өкілі:
- Ауғанстандағы балалардың жағдайы мүшкіл. Ал халықаралық ұйымдар мен еріктілер көмектесуге қауқарсыз. Халықтың осал тобына қолұшын созу үшін шұғыл түрде қаржы қажет. Ауғанстандағы балалардың болашағы бірлесіп әрекет ете алуымызға байланысты болып отыр.
Ауғанстанда 20 млн-нан аса адамға аштық қаупі төніп тұр. Соның 3,4 миллионы - бала. Ал 1,2 миллионы - әйел. БҰҰ-ның Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының өкілдерінің айтуына қарағанда, бұл елдегі гуманитарлық ахуалды реттеу үшін кемі 540 млн доллар қажет.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Ауғанстан #аштық #балаларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz