RU
Толық нұсқаға өту

Ормуз бұғазында экологиялық қауіп күшейді

11.08.2026, 09:40 42

Таяу Шығыстағы қақтығыс экономикаға ғана емес, экологияға да әсер етіп отыр. Әсіресе Ормуз бұғазында қаңтарылып тұрған кемелерден қауіп көп. Ғалымдар осылай деп дабыл қағып жатыр.

Парсы шығанағында айлап бөгелген кемелер түрлі теңіз ағзаларының ұясына айналды. Кейін бұлар су көліктерімен бірге әлемнің әр шетіне таралады. Сөйтіп басқа аймақтардан барған тіршілік иелері жергілікті биоалуандылықты бұзып, тұтас экожүйеге қауіп төндіреді. 

Ормуз бұғазында бірнеше айдан бері қаңтарылып тұрған 1500-ден астам кеме экологияға қауіп төндіріп тұр. Ұзақ уақыт қозғалыссыз тұрған су көліктерінің бетін микробтар, балдырлар, шаянтәрізділер сынды түрлі теңіз ағзалары басып жатыр. Енді сауда қатынасы жанданған соң, кемелер аса қауіпті инвазивті тіршілік иелерін әлемнің түкпір-түкпіріне таратуы мүмкін. Бұлар басқа өңірлердің биоалуантүрлілігін бұзады. Жергілікті ағзалардың қырылуына әкелуі де мүмкін. Өйткені дәл осы кемелер әлемнің әр бөлігіндегі порттарға бөтен теңіз жануарларын, зиянкес өсімдіктерді, паразиттер мен түрлі ауруды алып барады. Салдарынан балық шаруашылығы да зиян шегеді. Тіпті электр станцияларын салқындату жүйелері ластанады. Өйткені стансаларды салқындату үшін, әдетте, теңіз суы қолданылады. Қазір Парсы шығанағында 50-ден астам бөтен теңіз жәндіктерінің түрі пайда болды.

Марио Тамбурри, Мэриленд университеті Экологиялық ғылымдар орталығының профессоры:

- Таяу Шығыстағы қақтығыстан қаншама жан зардап шегіп отыр. Әрине, адам қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. Бірақ біз экологиялық салдарды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Компаниялар кемелерді Парсы шығанағынан шығар алдында тексеріп, тазалауы қажет. Ал қабылдаушы порттар олардың сыртының өсімдік немесе басқа да тіршілік иелерімен бүлінуін анықтау бойынша мониторингті күшейтуге тиіс. Қандай да бір қауіпті ерте анықтап, дереу шара қолдану қажет. Әйтпегенде әлемдегі ең құнды теңіз мекендері зиян шегеді. Олардың кейбірі, тіпті, қайта қалпына келмеуі мүмкін.

Мексика шығанағы бөгде теңіз ағзаларының ошағы саналады. Бұған дейін жүргізілген зерттеулер бұл мекенге жат тіршілік иелері, негізінен, коммерциялық кеме қатынасы арқылы әкелінгенін анықтаған. Ғалымдардың айтуынша, Парсы шығанағындағы аптап ыстық пен судың жоғары тұздылығы бұл ағзалардың аса төзімді болуына ықпал етуі мүмкін. Олар экстремалды жағдайларға, жоғары температура мен судың жоғары тұздылығына бейімделген. Сондықтан Парсы шығанағындағы тіршілік ету жағдайларына ұқсас аймақтар бірінші болып қауіпке ұшырайды. Осы орайда Үндістан мен Сингапур билігі ерекше қырағы болуға тиіс.

Халықаралық теңіз ұйымы кеме операторларын мүмкіндігінше осыдан сақтану жөніндегі ұсынымдарды орындауға шақырады. Қазіргі уақытта ұйым мұндай жағдайларды барынша азайту мақсатында кемелердің биологиялық материалдармен жабылуын бақылау және басқару жөнінде құжат әзірлеп жатыр.

Мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдардан да теңіз экожүйесі зиян шегіп жатыр. Тақауда Ресейден Үндістанға бағыт алған танкер Оман оңтүстік-батыс жағалауында апатқа ұшырап, кемеден мұнай төгіле бастады. Салдарынан 800 шаршы шақырым жер бүлінді. Экологтар жерсерігінің талдауына сәйкес, су бетінде қалқыған қара дақтар Араб теңізіндегі қорғалатын аумаққа жеткен. Бұл аймақта сирек кездесетін теңіз жануарлары мекендейді. Кеме бортында жалпы 800 мыңнан астам баррель мұнай болған. Халықаралық теңіз ұйымының кейінгі деректеріне сүйенсек, соғыс басталғалы Ормуз бұғазында 64 коммерциялық кемеге шабуыл жасалды.

Оман-Иран келіссөздері аяқталуға жақын

Ормуз бұғазына қатысты Иран мен Оман арасындағы келіссөздер аяқталуға жақын. Бұл туралы Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи хабарлады. Құжат қауіпсіз кеме қатынасы үшін жаңа бағыттарды айқындайды. Келісімге сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы Парсы шығанағына қарай кемелер солтүстік бағытпен Иранның аумақтық сулары арқылы өтеді. Ал шығанақтан шығатын барлық кеме қозғалысы Иранның үйлестіруі арқылы Оман аумағы арқылы өтетін оңтүстік бағытпен жүзеге асырылады. Тегеран 5-7% мөлшерінде алым енгізуді талап етіп отыр. Ал Оман мұны 3% көлеміне дейін төмендетуді ұсынады. Дегенмен бұл келісім Құрама Штаттар Иранның шарттарын орындағаннан кейін ғана жүзеге асады. Негізгі талаптардың тізімінде шабуыл жасамау кепілдіктері, бомбалау салдарынан келтірілген залал үшін өтемақы төлеу, экономикалық санкцияларды алып тастау және әскери-теңіз блокадасын тоқтату бар.

Аббас Аракчи, Иранның Сыртқы істер министрі:

- «Келіссөз» ұғымының өзіндік анықтамасы бар және ол белгілі бір мәселеге қатысты нақты нәтижеге қол жеткізу мақсатында жүргізіледі. Қазіргі уақытта АҚШ пен Иран арасында мұндай диалог жоқ. Иә, біз арағайындық етіп отырған мемлекеттер арқылы ақпармен алмасып отырмыз, бірақ бұл келіссөз емес. Делдалдар әлі де байланыс орнатуға тырысып жатыр. Алайда АҚШ өзара түсіністік туралы меморандумды бұзып отырғандықтан, біз диалог орнатуға ниетті емеспіз. Оманмен келіссөзге келсек, бәрі сәтті жүріп жатыр. Бүгінде біздің мамандар теңіз бағыттарын белгілеу жұмыстарымен айналысуда. Бірақ бұл Ормуз бұғазы қазір ашық дегенді білдірмейді.

2008 жылы әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде импорт пен экспорт күрт төмендеп, жаһан бойынша кемелер жаппай тоқтап қалған еді. Мың шақты кеме, яғни, әлемдік контейнер тасушы кемелердің 10%-ы және тоңазытқыш кемелердің 25%-ы қаңтарылып тұрды. Алайда Ормуз бұғазының жабылуы – теңіз қатынасындағы іркілістердің ең ауқымдысы. Ғалымдардың айтуынша, көп ұзамай мұның экономикалық қана емес, экологиялық салдары байқала бастайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz