RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та 3 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді

11.08.2026, 14:15 37

Құрылтай сайлауында АҚШ-та жүрген Қазақстан азаматтары үш қалада дауыс бере алады. Сайлау учаскелері Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Францискода жұмыс істейді. Дауыс беру жиырма үшінші тамызда жергілікті уақыт бойынша өтеді. АҚШ-тағы отандастарымыз сайлауға қалай дайындалып жатыр? 

Ердана Ержанұлы, тілші:

Бұл – АҚШ астанасының күре тамырларының бірі саналатын Он алтыншы көше. Оның бойында Ақ үй мен Қазақстан елшілігі орналасқан. Уақыт айырмашылығына байланысты Құрылтай сайлауы күні шетелде кейінірек ашылатын дауыс беру учаскелерінің бірі осы жерде жұмыс істейді. Тамыздың жиырма үшінде таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қазақстандықтар осы ғимаратқа келіп, өз таңдауын жасай алады.

АҚШ-та дауыс беретін қазақстандықтардың арасында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары көп. Жуырда елші шәкіртақы иегерлерінің жаңа легімен кездесті. Отандастырымызбен танысып, алдағы сайлаудың маңызы мен дауыс беру тәртібін түсіндірді. Шетелде білім алып жүрген жастар елден жырақта болса да, Қазақстандағы саяси үдерістерді назардан тыс қалдырмайтынын айтады.

Есенғазы Тұралин, «Болашақ» стипендиясының иегері:

- Біз үшін және мемлекет үшін өте маңызды. Себебі осындай саяси өзгерістер мемлекеттің экономикалық, саяси дамуына, мемлекеттің нығаюына, осындай әлемде болып жатқан құбылыстарда өте үлкен өзгерістер және бастамалар деп ойлаймын. Сол бастамалардың бір бөлігі болып қалу үшін қай елде жүрсек те, қай қалада жүрсек те, біз міндетті түрде ат салысып, өзіміздің даусымызды беру керекпіз деп ойлаймын.

Ләззат Әділова, «Болашақ» стипендиясының иегері:

- Әрине, бұл өте маңызды, өйткені бұл біздің азаматтық борышымыз. Сондықтан да дауыс беруге міндетті түрде бүкіл отбасымызбен бірге келетін боламыз. Өйткені бұл өте ұзақ уақыт бойында болайын деп жатқан үлкен өзгеріс. Сондықтан бұл өзгерстің себепшісі болуға міндеттіміз деп санаймыз.

Вашингтондағы сайлаушылар тізіміне АҚШ аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары енгізіледі. Ол үшін төлқұжат немесе жеке куәлік болуы қажет. Құжаттың eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық нұсқасын да көрсетуге болады. Нөмірі 413-ші сайлау учаскесіне тіркелу үшін елшілік сайтына кіріп, арнайы сауалнама арқылы толтыру қажет.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Нью-Йорктегі учаске Вашингтонмен бір уақытта ашылады. Ал Құрылтай сайлауы кезінде шетелде ең соңғы болып жабылатын АҚШ-тың батысындағы Сан-Франциско қаласындағы дауыс беру учаскесі болады. Аталған үш дауыс беру орнының мекенжайы, тіркелу тәртібі және басқа да қосымша ақпарат Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мен бас консулдықтарының ресми сайттарында жарияланған.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz