RU
Толық нұсқаға өту

Сотталғандар өрт сөндіруге көмектесіп жүр   

11.08.2026, 16:15 32

АҚШ-та сотталғандар өрт сөндіруге көмектесіп жүр. Жоба Вашингтон штатында 2022 жылы іске қосылған. Содан бері жазасын өтеп шыққандардың біразына жұмысқа орналасуға, яғни жаңа өмір бастауға мүмкіндік берілді.

Джейсон де ла Круз – 43 жаста. Бірнеше ай бұрын орман өртін сөндіру бойынша арнайы дайындықтан өтті. Енді сотталғандарға арналған оңалту және кәсіби даярлық бағдарламасы аясында еңбек етуге мүмкіндік алды. Вашингтон штатының Спокан қаласында орман отқа оранғанда, тілсіз жаумен күресте алдыңғы шепте  жүрді. 

Джейсон Де Ла Круз, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жобасының қатысушысы:

- Түрмеде 17 жыл отырдым. Ұрлық жасап, заңсыз қару сақтағаным үшін 25 жылға бас бостандығымнан айырылған едім. Өкініштісі сол, шалыс басқанымды кеш түсіндім. Мен бұл жерге жаңа өмір бастау үшін келдім. 

Вашингтон штатында сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жобасының жүзеге асырылып жатқанына 4 жыл өтті. Ерекшелігі сол – жазасын өтеушілерге жалақы төленеді. Ал бостандыққа шыққан соң, өрт сөндіруші ретінде жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар. Бірақ жобаға ауыр қылмыс жасағандар іліне алмайды. Сондай-ақ денсаулығы мен тәртібі де ескеріледі.

Бен Худ, өрт сөндіру бригадасының басшысы:

- Біз тек бір жерде жүрмейміз. Вашингтонның қай бұрышынан көмек сұраса, сонда барамыз. Ал өрт өз үйіңнің жанында шықса, жауапкершілік екі есе артады. Жұртқа қолымыздан келгенше көмектесіп, барымызды салғымыз келеді. Жігіттердің атқарған жұмысын көріп, іштей қатты қуанамын. Олардың еңбегі орасан.

Кейінгі жылдары штатта өрт қаупі өте жоғары. Бұған климаттың өзгеруі себеп. Ал аймақта өрт сөндірушілер тапшы. Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жобасы бұл мәселені шешуге сеп болды. Жоба өз тиімділігін көрсетті. Сондықтан бұл бағдарлама АҚШ-тың тағы 4 штатында жұмыс істеп тұр.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz