Түркия Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелеріне рақымшылық жасайды. Парламенттің мұндай шешім қабылдауына не себеп?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия тарихи маңызды кезеңге қадам басты. Ұлы Ұлттық Мәжіліс ондаған жылға созылған күрдтер мәселесін бейбіт жолмен шешуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Парламенттік комиссия бір жылға жуық әзірлеген құжат жалпы отырыста басым дауыспен қабылданды. Билік бұл шешімді елдегі лаңкестік мәселесін толықтай шешу жолындағы тарихи қадам деп бағалап отыр.
Түйіні тарқамай келген мәселе жылдар бойы Түркияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп келген еді. Дегенмен былтыр басталған саяси үдеріс жағдайды түбегейлі өзгертті. Өткен жылдың мамыр айында Күрдістан жұмысшы партиясы өзін таратып, қарулы күресті тоқтату туралы шешімін жариялады.
Ал шілдеде ұйым мүшелері Ирактың Сүлеймания өңірінде қаруларын тапсыра бастады. Тамыз айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде 50 депутаттан құралған комиссия жұмысына кірісті.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Террорлық қауіп жойылған кезде Түркия экономикасы барлық салада жаңа тарихын жаза бастайды. Бұған шын жүрегімізбен сенеміз. Халықтық альянс бұл маңызды істі бірлесе отырып, жүзеге асыруды көздейді.
Құжатты Парламент қарауына Әділет және даму партиясы мен Ұлтшыл қозғалыс партиясы ұсынды. Оны оппозициядағы саяси ұйымдар да қолдады. Ал ұлы ұлттық мәжілісте 12 сағатқа созылған талқылаудан кейін құжатты 600-ге жуық депутаттың 467-сі қолдап, дауыс берді.
Нуман Куртулмуш, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы
- Заң жобасын басым дауыспен қабылдау сирек кездеседі. Тіпті Конституцияға байланысты дауыс беру кезінде де мұндай консенсус болмайды. Бұл оның халық тарапынан да үлкен қолдауға ие болғанын көрсетеді.
Дегенмен заң жобасындағы құқықтық тетіктер ұйым мүшелері қаруын толық тастап, өзін таратқаны ресми расталған жағдайда ғана іске қосылады. Құжатқа сәйкес, күрд жауынгерлеріне шартты кешірім беру механизмі қарастырылған. Сондай-ақ ұйым мүшелеріне белгілі бір қылмыс бойынша кесілген жаза уақытша тоқтатылады.
Нуман Куртулмуш, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы
- Өткен жылдың 5 тамызында бастаған комиссия жұмысы «Террорсыз Түркияға» жетелейтін маңызды жолды ашып берді. Ұлы Ұлттық Мәжілісте саяси ұйымдардың жіті бақылауының арқасында осы нәтижеге қол жеткіздік. Алда лаңкестік ұйымның қаруын толық тастап, өзін таратуымен бірге елдің түкпір-түкпірінде бейбітшілік пен ынтымақтастық үстемдік ететін жаңа дәуірді бірге қалыптастыру міндеті тұр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Осылайша Анкара ондаған жыл бойы ел аумағында қарулы шабуыл мен лаңкестік әрекет ұйымдастырып келген Күрдістан жұмысшы партиясын ресми таратудың заңнамалық кезеңіне өтті. Бұл қақтығыстан кейінгі өмірді құқықтық тұрғыдан реттеуді көздейді.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #қақтығыс #рақымшылық #қауіпсіздік
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz