Тақауда Құрама Штаттар құны төмендеп кеткен жапон валютасын сатып алып, күншығыс елінің қаржы нарығын реттеуге кіріскен еді. Вашингтонның бұл әрекеті сарапшылар үшін күтпеген жағдай болды.
Дональд Трамп мұны екі ел арасындағы достықтың нышаны деп түсіндірді. Ақ үйдің де өз көздегені бар еді. Соның бірі – АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларының кірісін тежеу. Бірақ қазір байқап отырғанымыздай, бұл шешімнен нәтиже бола қойған жоқ. «Бір ғана валюталық интервенция арқылы мәселені шешу мүмкін емес», - дейді мамандар.
Қазір АҚШ-тың мемлекеттік құнды қағаздар нарығында жағдай күрделі. 30 жылдық қазынашылық облигациялардың кірісі 5,28%-ға жетіп, кейінгі 20 жылдай уақыттағы ең жоғары деңгейге жақындады. 10 жылдық облигациялар кірісі 4,66% деңгейінде. Жапон иенінің құлдырауы жығылғанға жұдырық болғандай. Өйткені АҚШ қазынашылық облигацияларындағы Жапонияның активтері шамамен 1,2 триллион долларға дейін барады. Енді Токио ұлттық валютасын сақтап қалу үшін жаппай долларды сатады. Ал ол үшін, алдымен, өзінің америкалық бағалы қағаздарын саудаға салады. Бұл кең көлемде жүзеге асырылса, Құрама Штаттардың экономикасына қысым күшейеді. Облигация құны төмендейді, ал оған сұраныс тудыру үшін пайыздық мөлшерлемесі артады. Бұл инвесторларға жақсы жаңалық болғанымен, қарыз алушы ретінде АҚШ-қа тиімсіз. Осыдан қауіптенген Вашингтон Токиоға болысып, шамамен 100 млрд долларға жапон валютасын сатып алды. Сарапшылар мұны: «1998 жылдан кейін алғаш рет жүзеге асқан тарихи валюталық интервенция», - деп атады.
Сацуки Катаяма, Жапонияның Қаржы министрі:
- АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Жапонияның қаржылық тәртіпті күшейтіп жатқанын атап өтті. Ағымдағы жылы мемлекеттік қарыз пайызын есепке алмасақ, Жапония бюджетінің шығынынан кірісі көп болды. Жапония қарыздың ЖІӨ-ге қатынасын біртіндеп төмендетуге ниетті.
Алайда Құрама Штаттардың араласуынан айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Өйткені жапон валютасының құнсыздануының экономикалық себептері әлдеқайда тереңде жатыр. Интервенцияға дейін бір доллар шамамен 164 иен болды. Интервенциядан кейін 155-ке жетіп, осы апта тағы құлдырады. Қазір бір доллар 159 иен тұрады. Ал АҚШ бюджетінің тапшылығы – 2 трлн доллар. Иранға қарсы соғыс жоғары инфляцияға әкелді. «Сондықтан бір ғана валюталық интервенция арқылы мәселені шешу қиын», - дейді сарапшылар.
Джон Велис, BNY қаржы компаниясының сарапшысы:
- АҚШ-тың шығындары мен қазіргі соғыс жағдайын ескерсек, ел экономикасына ұзақ мерзімде қысымды төмендету қиын болады. Мемлекеттік қарыздың өсуі мен геосаяси жағдайға байланысты инвесторлар АҚШ-тың құнды қағаздары бойынша жоғары кірісті талап етеді.
Үндістанда долларға сұраныс артты
Үндістан банктерінде долларға сұраныс күрт артты. Бұл долларлық облигациялар мен несиелер нарығындағы белсенділікті арттырып отыр. Елдің Орталық банкі шет мемлекеттерде тұратын шамамен 35 миллион үндістандықтан капитал тартуға ұмтылып жатыр.
Бұл ұлттық валютаны қолдау және валюталық резервтерді толықтыру үшін қажет. 2025-2026 қаржы жылында шетелден Үндістанға аударылған ақша көлемі 155 млрд доллардан асты. Бұл шетелдегі үндістандықтардың ел ішіне жасаған жалпы ақша аударымдары. Банктер оларға депозиттерін кепілге қою арқылы несие беруге ниетті. Кейбір банктер бастапқы депозит сомасының 19 есесіне дейін несие ұсынады. Үндістан – ірі мұнай сатып алушы мемлекет. Көптеген сала бойынша импортқа тәуелді. Ал оны төлеу үшін көп мөлшерде доллар қажет.
Шашанк Джоши, Үндістандағы Mufg Bank бас директорының орынбасары
- Үндістан резервтік банкінің шетелдік капитал ағынын арттыруға бағытталған шаралары долларлық облигациялар нарығын жандандырды. Көптеген азамат осы валютамен қаржы алу үшін шетелдік банктерге жүгінді. Нәтижесінде долларлық облигациялар мен несиелерді сатып алушылар саны биыл рекордтық деңгейге жетуі мүмкін.
Долларға балама валюта бар ма?
Кей көрсеткіштер бойынша Қытай АҚШ-ты басып озып, әлемдегі ең ірі экономикаға айналды. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан бері доллар халықаралық қаржы жүйесі мен әлемдік саудада үстемдік етіп келеді.
Қазіргі валюталық нарықтағы операциялардың шамамен 90%-ы АҚШ доллары арқылы жүзеге асырылады. Халықаралық валюталық резервтердегі активтердің басым бөлігі доллармен сақталады. Еуро – халықаралық деңгейде кең қолданылатын екінші валюта. Ал Қытай юані, тіпті, бесінші орында. Себебі Бейжің үкіметі елге кіретін және елден шығатын капитал ағынын қатаң бақылайды.
Сондай-ақ Қытайдың Орталық банкі Үкіметке тәуелді. Бұл инвесторлар мен тұтынушылар тарапынан юаньға деген сенімді төмендетеді. Осыдан да әлемде долларлық облигацияларға деген сұраныс артады. «Әзірге көк қағазды алмастыра алатын валюта жоқ», - дейді сарапшылар.
Барри Эйхенгрин, Калифорния университетінің экономика және саясаттану профессоры:
- Дәл қазір доллардың орнын ешқандай валюта алмастыра алмайды. Жеке компаниялар мен ұйымдар шығаратын криптовалюталардың ешқайсысы іс жүзінде толыққанды валюта қызметін атқармайды. Олардың көмегімен тауарлар мен қызметтерді заңды түрде сатып алу өте сирек кездеседі. Олардың ішіндегі ең танымалы – биткоиннің австралиялық доллармен есептегендегі бағасы кейінгі бір жылда екі есе төмендеді. Сондықтан жақын болашақта АҚШ доллары өз орнын сақтап қалады.
Америкалық кәсіпкер Илон Маск алдағы 10 жылда ақша адамдарға мүлдем қажет болмайтынын айтады. Жасанды интеллектінің арқасында үйреншікті қаржы жүйесі түбегейлі өзгеретінін алға тартты. Оның айтуынша, енді жұмыс істеуге қажеттілік болмайды. Өйткені роботтар адамзат баласы тұтына алатын мөлшерден едәуір көп көлемде тауар өндіреді. Сөйтіп әркім қалағанына оп-оңай қол жеткізіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді. Бірақ қаржы сарапшылары мұнымен келіспейді. «Миллиардер тым әсірелеп отыр» деп санайды. «Тұтынушылық тауарлар мен негізгі қажеттіліктер қолжетімді бола түскенімен, ақша мен байлық ешқашан өз құндылығын жоғалтпайды», - дейді.
Тегтер #жапон иені #АҚШ #валюта #доллар #юань #қаржы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz