Алдағы 4-5 жылда әлем бойынша 92 миллион жұмыс орны босайды. Яғни осынша адам табыссыз қалады деген сөз. Әсіресе жастар қиналуы мүмкін. Бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі.
Бірақ дәл қазір қорқатын ештеңе жоқ. Сол уаққа дейін шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал әзірге әлем бойынша 67 млн жас жұмыс таппай жүр. Жастардың бос жүруі кедейлер мен қатар бай-қуатты елдерге де ортақ мәселе. Ал Жасанды интеллектінің қарыштап дамуы еңбек нарығына қысымды одан әрі күшейте түседі. Сонда қалай болмақ?
Шілде айында Құрама Штаттардың еңбек нарығы 23 мың жұмыс орнына қысқарды. Бұл туралы АҚШ-тың Еңбек министрлігі хабарлады. Дегенмен жұмыссыздық деңгейі өсіп жатқан жоқ, шамамен 4%-ға жуықтайды. Сарапшылардың айтуынша, бұған кейбір тұрғындардың жұмыстан шығып, жаңа жұмыс іздемеуі себеп. Сондықтан жұмыссыздық деңгейі тұрақты болып қалғанымен, еңбек ететін азаматтардың саны азайды. Тағы бір мәселе – еңбекақы инфляцияға ілесе алмай жатыр. Алпауыт елдің өзінде халықтың бірнеше жұмысты қатар алып жүру үрдісі байқалады.
Лонни Голден, Пенсильвания университетінің Еңбек қатынастары профессоры:
- Жаңа жұмыс орындарын құрудың жалпы қарқыны төмендеді. Сондықтан қазір жұмыспен қамту саласында тоқырау байқалады. Тұтынушылық бағалар 3,2%-ға өсті. Ал орташа еңбекақы жалпы алғанда шамамен 3%-ға ғана көтеріледі. Кейбір елдерде жалақы инфляцияны қуып жетуге тырысып жатқанымен, бағалардың өсу қарқынын оза алмайды. Қарапайым жұмысшыға ілесу қиын. Егер қандай да бір активке немесе жылжымайтын мүлікке инвестиция салса, олардың құны үнемі өсіп отырады. Бірақ бәрінде бірдей ондай инвестиция жоқ. Сол себепті жұрт бірнеше жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр.
Eurostat мәліметіне сүйенсек, Еуроодақта жұмыссыздық деңгейі шамамен – 6%. Бірқатар елдің еңбек нарығында жағдай жақсарған. Мысалы, Испанияда жұмыссыздық деңгейі жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуының арқасында кейінгі 18 жылда алғаш рет 10%-дан түсті. Сәуір айынан маусымға дейін елде 486 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жазғы маусымның басталуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы кезеңде, әдетте, туризм қыза түседі. Сондықтан қызмет көрсету саласында жұмысқа орналасу қолайлы.
Әлемде жастар жұмыс таба алмай жүр
Ал жастар арасынағы жұмыссыздыққа келер болсақ, мұнда жағдай көңіл көншітпейді. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сәйкес, әлем бойынша 15-24 жас аралығындағы 67 млн адам жұмыссыз. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Араб мемлекеттерінде тіркелді – 26,2%.
Екінші орында Солтүстік Африка тұр – 22,6%. Одан кейін тізімді Солтүстік Америка және Еуропа жалғайды. Сарапшылар орта деңгейдегі біліктілікті талап ететін жұмыс орындарының азайып жатқанын атап өтті. Олардың қатарында іс жүргізу, әкімшілік жұмыс, сауда және өндіріс салаларындағы қызметтер бар. Әдетте, мектеп немесе жоғары оқу орнын енді бітірген жастар еңбек нарығына алғашқы қадамын осы салалардан бастайды. Кей сарапшылар: «Жасанды интеллект мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін», - дейді. Бүгінде 15-29 жас аралығындағы азаматтар атқарып жүрген мамандықтардың шамамен 6%-ы Жасанды интеллектінің әсерінен өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл, әсіресе, табысы жоғары елдерге әсер етеді.
Джеффри Хинтон, Жасанды интеллект саласының сарапшысы, Нобель сыйлығының лауреаты:
- Қазір бірнеше мемлекет, соның ішінде Қытай «Қызметкерді жай ғана жасанды интеллектімен алмастыра салуға болмайды. Олар өз жұмысын тиімді орындау үшін жасанды интеллектімен бірлесе жұмыс істеуі керек» деген идеяны алға тартады. Меніңше оларды жұмыссыздық мәселесі көбірек алаңдатады. Қауіп мынада: егер жұмыссыздық өссе, үкімет салық түсімдерінің едәуір бөлігінен айырылады. Ал бұл мәселені шешуге көп ресурстар қажет болады. Мұның әлеуметтік салдары ауыр. Жасанды интеллектіні реттеудің мақсаты – инновациялардың дамуын тежеу емес, оны адамдарға пайда әкелетін дұрыс бағытқа бейімдеу.
Гонконгқа шетелдік мамандар оралып жатыр
Алайда жоғары білікті мамандарға сұраныс қашан да жоғары. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сәйкес, ғылым, инженерия, денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс орындары ұлғайып келеді. 2020-2022 жылдар аралығында Гонконгтан ондаған мың адам, соның ішінде қаланы Азияның жетекші қаржы орталығына айналдырған банк қызметкерлері, заңгерлер және басқа да білікті мамандар жаппай көшіп кеткен еді.
Пандемияға байланысты қатаң шектеулер мен Бейжіңнің бақылауды күшейтуі салдарынан мұнда шетелдіктердің саны айтарлықтай азайды. Ал қазір мыңдаған кеңсе қызметкері қайта оралып жатыр. Жергілікті билік бизнесті қолдаудың жаңа тетіктеріне басымдық беруде. IPO нарығының жандануы аясында жеке инвестициялық және хедж-қорларға, сондай-ақ олардың басқарушыларына салықтық жеңілдіктер әзірлеп жатыр. Бұл қазірдің өзінде нәтиже бере бастады. Былтыр шетелдік мамандарға 31 мыңнан астам жұмыс визасы мақұлданды. Олардың басым бөлігі Жапония, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания азаматтарына берілді.
Бүгінде еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз білім алып, жаңа дағдыларды меңгеру маңызды шартқа айналып отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумы 2030 жылға қарай әлемде шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болатынын хабарлады. Ал 92 миллион жұмыс орны жойылады.
Тегтер #АҚШ #ЖИ #жұмыссыздық #жастарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz