Газа секторында омарта шаруашылығы жойылуға шақ тұр.
Израиль мен ХАМАС арасында қарулы қақтығыс басталғанға дейін жергілікті бал өндірушілер 30 мың ара ұясын ұстайтын. Қазір соның 95 пайызынан айырылып қалдық, дейді. Әйтсе де кәсібін қайта бастауға тырысып жатқандар бар. Газа секторында қирандылар арасында өмір сүріп жатқан омарташылар бал өндірісін қалай қалпына келтірмек?
Палестиналық омарташы Ибраһим Әл-Даббех оқ атпау режимі күшіне ене сала тоқырауға ұшыраған саланы қайта қолға алды. Ара өсірудің қыр-сырын меңгерген кәсіп иесі жұмысын небәрі 3 ұямен бастайды. Қазір оның санын 35-ке жеткіздім, дейді.
Ибраһим Әл-Даббех, газа секторындағы омарташылар қауымдастығының басшысы:
- Газа секторы түгел қирады. Соғысқа дейін ара ұяларының саны 30 мыңнан асатын. 1 мыңнан аса отбасы нәпақасын тауып жүрді. Аралар мүлде жойылып кетсе, табиғи тепе-теңдік бұзылып, Газа секторының ауыл шаруашылығына үлкен қауіп төнеді. Сондықтан бұл саланы қайта жандандыру маңызды.
Ал 2 жылдан кейін үйіне оралған 43 жастағы омарташы Нивин Әл-Ашкар үшін бұл жалғыз табыс көзі. Өйткені соғыстан үлкен ұлы қолынан айырылса, күйеуі белінен жарақат алып, төсек тартып қалған.
Нивин Әл-Ашкар, омарташы:
- Бұрын бір келі бал 60 шекель, яғни 20 доллар тұратын. Қазір 150 шекельден, яғни 50 доллардан сатып жатырмыз. Таза бал жоқтың қасы деуге болады. Себебі ара жеткіліксіз. Сұранысты толық қамтамасыз ете алмаймыз. Құрал-жабдық пен техниканың бәрі бүлінген. Қазір балауызды кесіп, сатып жүрмін.
Газа секторында саланы жандандыруға кедергі көп. Ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігі шекара маңында орналасқан. Ал бұл жерлер Израиль әскерінің бақылауында. Әйтсе де, палестиналық омарташылар тығырықтан шығар жол тапқан сыңайлы. Қирандылар арасында тұрып жатқан бал өндірушілері ара ұяларын ғимараттың дәл төбесінде ұстайды.
Ибраһим Әл-Даббех, Газа секторындағы омарташылар қауымдастығының басшысы:
- Газаға кіретін жүкті Израиль әскерилері тексереді. Шаруашылыққа керек-жарағымызды кіргізбей отыр. Оның үстіне аймақта отын да қат. Ағаш бағалы ресурсқа айналды. Сондықтан аралардың ағаш ұяларын ұрлап кететін жағдай көп. Ал ғимараттың төбесіне жету қиындау.
Кейінгі бірер жылда азапты өмір кешіп жатқан палестиналық омарташылар аралардың тіршілік үшін күресіп жатқанын көріп, кез келген қиындықты еңсеріп, саланы жандандыруға бекініп отыр.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Газа секторы #ғимарат #ара #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz