RU
Толық нұсқаға өту

Вакцина мен аутизм арасында байланыс бар ма?

14.08.2026, 09:50 45

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Құрама Штаттардағы иммундық саясатқа енгізіліп жатқан өзгерістерді сынға алды.

Тақауда АҚШ Президенті Дональд Трамп балаларға ұсынылатын екпелер санын қысқартуды көздейтін жарлыққа қол қойған еді. Ақ үй әкімшілігі бұл өзгерістер балаларға арналған екпелерге тыйым салуды емес, ата-аналарға таңдау мүмкіндігін беруді көздейтінін айтады 

Құжатта қызылша, паротит және қызамыққа қарсы құрама вакцинаны үш бөлек екпеге бөлу қажеттігі қарастырылған. Трамп «Балалар арасындағы аутизмнің белең алуына дәл осы вакциналар әсер етіп отыр, деп сенеді. Алайда сарапшылар мұнымен келіспейді.

АҚШ балаларға екпе салу саясатын өзгертіп жатыр. Президент Дональд Трамп тиісті Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, балаларға ұсынылатын негізгі екпелер саны 17-ден 11-ге дейін қысқартылды. Жаңа тізімнен В гепатиті, COVID-19 және тұмауға қарсы вакциналар шығарылды. Сондай-ақ қызылша, паротит және қызамыққа қарсы құрама вакцинаны үш бөлек екпеге бөлу ұсынылған. Оны бірден емес, әртүрлі уақытта егуге кеңес берілді. Ақ үй басшысы үш екпені бір мезетте қабылдау қауіпті деп санайды.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Жаңа жарлықты қабылдауымыздың бір себебі – аутизмге қатысты қауіп. Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы вакцинаны бірге қабылдау бала денсаулығына өте қауіпті. Ал оны үш бөлек екпе ретінде әртүрлі уақытта қабылдаса, қауіп сейіледі. Әрине, біз аутизмнің нақты себептерін білмейміз. Бірақ осыны зерттеу үшін вакциналау бойынша әлемдегі ең үздік ұсыныстарға қол жеткізу маңызды. Сондықтан біз екпелердің санын қысқартамыз және оларды бір немесе бір жарым жыл ішінде алатындай етіп өзгертеміз. Бірнеше екпені бірден алу баланың ағзасына бір стақан зиянды сусын құйып жібергенмен бірдей.

Бұған дейінгі екпе күнтізбесінде кемінде 72 доза вакцина салу қарастырылған еді. Енді америкалық балалар бұдан әлдеқайда аз көлемде екпе қабылдайды. Сондай-ақ билік кейбір вакциналарда қолданылатын алюминий тұзының орнына балама нұсқа әзірлеп, оның қауіпсіздігі мен тиімділігін зерттеуді тапсырды.

Кіші Роберт Кеннеди, АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрі:

90-шы жылдардың ортасында балаларымыздың денсаулығы айтарлықтай өзгерді. Оған қоршаған орта әсер еткен болуы керек. Себебі геннің өзі індет туғызбайды. Бұл үшін сырттан қандай да бір улы заттың әсері болуы қажет.

Медицина сарапшылары Трамп әкімшілігінің бұл Жарлығына наразы. Олардың айтуынша, бұл өзгерістер вакциналау деңгейін төмендетіп, балалар арасында ауру-сырқауды көбейтеді. Америкалық педиатрия академиясының мәліметіне сүйенсек, тиісті зерттеулердің нәтижесінде вакцина құрамындағы

алюминий тұзының аз мөлшері денсаулыққа қауіп төндірмейтіні анықталды. Ол ағзаның иммундық жауабын күшейту үшін ондаған жыл бойы қолданылып келеді. Америкалық дәрігерлер қызылша, паротит және қызамыққа қарсы вакцинаны бірге қабылдау қауіпсіз екенін айтады. Бұл құрама екпенің алғашқы дозасын сәбилерге 12-15 ай аралығында, ал екінші дозаны 4-6 жас аралығында алуды ұсынады. Айта кету керек, биыл АҚШ-та 2300-ден астам адам қызылшаға шалдықты. Бұл кейінгі 35 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Пол Оффит, Филадельфиядағыбалалар ауруханасы вакцинация мәселелері жөніндегі орталығының жетекшісі:

- Балалар екпесінің көлемі – 0,5 миллилитр. Бұл көп емес. Екпені үш бөлікке бөлу оның қауіпсіздігіне немесе тиімділігіне еш әсер етпейді. Трамп әкімшілігінің бұл бастамасы халық арасына іріткі салады. Осыдан соң тұрғындардың вакциналауға деген сенімі азайып, одан жаппай бас тартуы мүмкін. Қызылшаға қарсы екпе өз тиімділігін дәлелдеді. Елде бұл дерттің таралу деңгейі онсыз да жоғары. Дәл осы кезеңде екпенің пайдасына күмән келтіру қисынсыз.

2018-2024 жылдар аралығында Румынияда балаларды қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпенің бірінші дозасымен қамту деңгейі 90%-дан 78%-ға, ал екінші дозасымен қамту 81%-дан 62%-ға дейін төмендеп кетті. Осыдан соң елде қызылшаның 30 жылда болмаған жоғары көрсеткіші тіркелді. 25 мыңнан астам адам дертке шалдықты. Енді биыл Румыния билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, вакцинамен қамту деңгейін қалпына келтіру шараларын бастады. Ал 2019 жылы Данияда шамамен 657 мың  баланы қамтыған ауқымды зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде вакцина мен аутизм арасында байланыс жоқ екені анықталды.

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz