14 тамызда Қазақстанмен қатар Тәжікстан мен Қырғызстанда да электр энергиясын беру жүйесінде іркіліс болып, бірқатар елді мекен жарықсыз қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Тәжікстан
Жергілікті БАҚ мәліметінше, сағат 15:15 шамасында Тәжікстанның бірнеше қаласы мен ауданында электр энергиясы жаппай өшкен. Душанбе, Куляб, Худжанд, Вахдат, Нурек, Гиссар, Шахринав, Рогун қалалары, Бободжон Ғафуров ауданы және басқа да елді мекендер жарықсыз қалған.
Оқиғаның нақты себебі әзірге ресми түрде айтылған жоқ. «Азия-Плюс» басылымы Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасап, себептердің бірі жоғары жүктемеге байланысты Нүрек су электр станциясындағы агрегаттардың тоқтауы болуы мүмкін екенін жазды. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.
Апаттың салдарын жою үшін жедел штаб құрылып, мамандар электр энергиясының өшу себептерін анықтап, жарықты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қырғызстан
Сағат 15:00-ден кейін Бішкек тұрғындары, сондай-ақ Шу және Ыстықкөл облыстарының бірқатар елді мекендерінде электр энергиясының жаппай өшіп, тұрақсыз беріліп жатқанын хабарлаған.
Алғашқы ақпарат Бішкектің орталық бөлігінен түскен. Кейін жарықтың өшуі қаланың басқа аудандарына және бірқатар елді мекендерге де тараған.
Материал жарияланған уақытта Қырғызстанның Энергетика министрлігі мен «Қырғызстанның ұлттық электр желісі» ААҚ жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Электр энергиясының өшу себептері мен оны толық қалпына келтіру мерзімі әзірге белгісіз.
Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы электр энергиясының іркілістері шамамен бір уақытта болған. Алайда әзірге бұл оқиғалардың өзара байланысты екені туралы ресми ақпарат жоқ.
Қазақстан
Еске салсақ, 14 тамыз күні Алматы қаласы мен Алматы облысының бір бөлігінде электр энергиясы өшкен болатын.
Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұған Орталық Азияның энергия жүйесі тарапынан электр энергиясының ағыны күрт өзгеруінен туындаған энергетикалық жүйедегі қуат тапшылығы себеп болған.
Соның салдарынан апатқа қарсы автоматты жүйе іске қосылып, еліміздің бірқатар өңіріндегі тұтынушылар электр энергиясынан ажыратылды.
Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тегтер #Тәжікстан #Қырғызстан #жарықсыз қалды #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz