RU
Толық нұсқаға өту

Таяу Шығыстағы АҚШ кемесі кері қайтады

17.08.2026, 07:20 46

АҚШ пен Иран соғысында белсенді рөл атқарған USS Abraham Lincoln ұшақ тасығыш кемесі кері қайтарылады. Оның орнын George Washington кемесі басады.

Себеп кеме бортындағы теңізшілердің жағдайы күрт нашарлаған. Шарт бойынша бұл кеме мамырда қайтарылуға тиіс еді. Алайда 9 айды су үстінде өткізген теңізшілердің қазіргі жай-күйіне отбасылары алаңдап, арыз-шағым түсіріп отыр. Сондай АҚШ-тағы құқық құрғау ұйымдары да өз наразылығын білдіріп жатыр.

АҚШ Қарулы күштеріне тиесілі Абрахам Линкольн кемесі ашық теңіз бетінде 266 күн болды. Бұл шекті мерзімнен көп. Шарт бойынша сапар уақыты – 6 ай. Ұшақ тасығыш кеме қызметін қараша айында бастап, қаңтарда АҚШ пен Иран арасындағы соғыс қарсаңында Парсы шығанағына бағытталған. Ал қазір бортта 5 мыңдай теңізші бар. Ақпан айынан бері 18 теңізші көз жұмған. CNN ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, экипаж мүшелерінің дені – жасы 25-30 аралығындағы жастар. Олардың көпшілігі үшін бұл алғашқы әскери сапар. Жұмыс уақыты 12-16 сағатқа дейін созылады. Бұл физикалық әрі психологиялық тұрғыда адамды қажытады, - дейді мамандар. Бұған қатысты АҚШ-тағы құқық қорғау ұйымдары түсініктеме талап етті.

Брайан Кларк, Гудзон университеті Қорғаныс технологиялары орталығының директоры:

- Олар теңізде тоғыз айға жуық уақыт болды, бұл әскери-теңіз күштерінің кемелері үшін әдеттегі мерзімнен шамамен екі айға ұзақ. Әрине, бұл адамдарға әсер етеді. Олар жүргізіп жатқан операциялар салыстырмалы түрде ауыр. Өйткені мұнда ұшу операциялары орындалып, ара-тұра ирандықтардың шабуылдарына ұшырайды.

Осыған орай АҚШ президенті Дональд Трамп  Abraham Lincoln кемесі Таяу Шығыста басқа кемемен алмастырылатынын мәлімдеді. Бірақ әуелде Ақ үй басшысы әскерилердің теңізде өткізген уақыты жеткіліксіз деп айтқан болатын.

Теңізшілердің туыстары журналистерге берген сұхбаттарында борттағы жақындарының азып, күйзеліске түскені жөнінде айтқан. Көп жүктеме салдарынан шыдай алмаған бірнеше әскери қызметші кемеден суға секіруге дейін барған. Дегенмен АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Таяу Шығыстағы Abraham Lincoln кемесіндегі жағдайдың нашарлағаны жөніндегі ақпараттар «барынша бұрмаланған» деп мәлімдеді. Ал артынша АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының басшысы, адмирал Брэдли Купер кемені аралап шыққаннан кейін экипаждың шаршағанын растады. Сондай-ақ, ол бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген көтерілген мәселелердің барлығы шешілгенін айтты. Атап айтқанда, тамақтану, ыстық су және басқа да жағдайларға қатысты мәселелер басшылық тарапынан қаралып, тиісті шаралар қабылданған.

USS Abraham Lincoln ұшақ тасушысы АҚШ-тың теңіз күштеріндегі қуатты кеменің бірі. 1989 жылы қолданысқа берілді. Кеменің ұзындығы 332 метр. Ұшақ тасушы әлемдегі ең қуатты кіші ядролық реакторлы қозғалтқыштың бірі саналатын Westinghouse A4W жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында ұзақ қашықтыққа айлар бойы жүзе алады. Кеме экипажының саны 5680 адамды құрайды. Олардың 3200-і кемеде қызмет етсе, 2480 адам кеме үстіндегі авиациялық бөлімшеде қызмет етеді. Қазіргі сәтте ұшақ тасушы 90-ға дейін ұшақ пен тікұшақты алып жүруге қабілетті. Кемеде жойғыш ұшақтар, мониторинг жасайтын және барлау ұшақтары мен тікұшақтар бар. Флоттың мақсаты Иранның теңіздегі әлеуетін әлсірету және аймақтағы АҚШ-тың базалары мен одақтастарын қорғау. Флоттағы ұшақтар әуе қорғаныс жүйесі ретінде қолданылады.

Иранмен соғыс басталмай тұрып АҚШ Таяу Шығысқа үш әуе тасығыш кемесін апарды. Олардың қатарында Абрахам Линкольн, Джеральд Форд, Джордж Буш кемелері бар. Ал енді Lincoln төңірегіндегі дауға байланысты, АҚШ-тың Тынық мұхитындағы әуе тасығышы Джордж Вашингтон кемесі жолға шықты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz