RU
Толық нұсқаға өту
фото: apnews

Индонезияда жер сілкінісінен кейін 14 күнге төтенше жағдай жарияланды

17.08.2026, 12:59 40

Индонезияның Шығыс Нуса-Тенгара провинциясында қуатты жер сілкінісінен кейін 14 күнге төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апат салдарынан кемінде 54 адам қаза тауып, тағы 135 адам жарақат алды, деп хабарлайды 24KZ Associated Press-ке сілтеме жасап.

Индонезияның Табиғи апаттарды басқару ұлттық агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісінен 1300-ден астам үй бүлінген. Оның 250-ге жуығы тек Флорес аралында орналасқан. Шамамен 5 мың адам уақытша баспаналарға орналастырылды.

Жер сілкінісінен кейін билік кемінде 995 қайталама жер сілкінісін тіркеді. Алайда оның тек 46-сы тұрғындарға сезілген.

Флорес аралындағы мыңдаған тұрғын жаңа жер сілкіністерінен қауіптеніп, қираған үйлерінің жанында брезенттен жасалған уақытша шатырлардың астында түнеп жүр. Көптеген адам жақындарын іздеуді жалғастырып, көмек күтуде. Өйткені кейбір елді мекендер сыртқы әлеммен байланыстан ажырап қалған.

Аралда ауқымды қирау тіркелді. Құлаған ағаштар жолдарды жауып, көшкін салдарынан таудан алып тастар төмен сырғыған. Көптеген үй қираған немесе қатты зақымданған. Ғимараттар құлаған кезде маңда тұрған көліктер де бүлінген.

Апат орнына 3500-ден астам әскери қызметші мен полиция жіберілді. Зардап шеккен аудандарға 275 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Алайда логистикалық қиындықтар салдарынан оның бір бөлігі қатты зардап шеккен кейбір елді мекендерге кешігіп жетіп жатыр.

Табиғи апаттан аман қалғандар тамақ әзірлеуге қажетті құрал-жабдықтардың жетіспейтінін де айтып отыр.

Жер сілкінісі Индонезияның тәуелсіздігінің 81 жылдығын атап өту кезеңінде болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісі сенбі күні таңғы сағат 6-ға дейін аз уақыт қалғанда, шамамен 10 шақырым тереңдікте болған.

Жер сілкінісінен кейін билік цунами қаупі туралы ескерту жариялады. Кейін бұл ескерту тоқтатылды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz