Климат өзгерісі жайылым жерлерге үлкен қатер төндіріп тұр.
Қазір әлемдегі ауыл шаруашылығына қолайлы жердің 70 пайызы мал жаю үшін қолданылады. Соның 40 пайызы әбден тозған. Бұл Біріккен ұлттар ұйымының дерегі. Жайылым жерлердің азаюы азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер ете бастады. Себебі жер-жаһанда 2 миллиард адам төрт түліктің арқасында жан бағып отыр. Әрі мал өнімдерін тұтынбайтын адам жоқ.
Шөбі шүйгін, жайылымы сулы болмаса, малдың қоңы көтерілмейді. Ал малдың жайы болмаса, көл-көсір өнім күтпеңіз. Әлемде төрт түліктің арқасында табысқа кенеліп отырған елдер баршылық. Солардың бірі Моңғолия. Бұл кәсіп елдің Конституциясында бекітілген. Онда 80 миллион түйе, қодас, сиыр, қой, ешкі және жылқы мемлекеттің қорғауындағы ұлттық байлық саналады. Алайда кейінгі жылдары қолайсыз климаттың әсерінен бұл ел қатты құрғақшылыққа тап болды. Бұрын күн райы бірде суық, бірде ыстық болып алмасып отыратын. Ал қазір қысы-жазы шаңды дауыл толастамай тұр. Малшылар осылай дейді. Әрі қысы қатты, қарлы болса жұт жайлап, қора-қора малы қырылып жататын жайттар да көп. Соның әсерінен малшылардың дені жайылым жердерін жиі ауыстыруға мәжбүр екенін айтады.
МОҢҒОЛИЯ
Лхаебум, малшы:
- Біздің көшіп кетуімізге құрғақшылық себеп болды. Бүкіл Баянхонгор аймағын қатты құрғақшылық жайлады. Малға беретін шөп болмады. Сондықтан біз көшіп кетуге мәжбүр болдық. Әрине, туған жерімізді тастап кету қиын болды. Бірақ бізде басқа амал болмады.
Моңғолияда жайылымдар ел аумағының шамамен 70 пайызын алып жатыр. Халықтың шамамен үштен бірі малды күнкөріс көзіне айналдырған. Алайда ел аумағының шамамен 77 пайызы тозып кету қаупі төніп тұр. Құрғақшылық жиілеп, жыл сайынғы құмды және шаңды дауыл тұратын күндер саны 1960 жылдардан бері үш есе артқан. 2023-2024 жылдары қатты құрғақшылықтан кейін жұт келіп, жеті миллионнан астам мал қырылып қалған.
Жайылымдар жер бетінің жартысынан астамын алып жатыр. 2 миллиард адамды күнкөріс көзімен қамтамасыз етеді. Шалғындар мен саванналардан бастап шөлдер мен бұталы алқаптарға дейінгі бұл алуан түрлі ландшафттар биоалуантүрлілікті сақтауда, экожүйелерді реттеуде маңызды рөл атқарады. Жаһандық деңгейде 2016-2024 жылдар аралығында жерді пайдалану тәсілдерінің өзгеруі салдарынан жыл сайын орта есеппен 14 миллион гектар жайылымдық алқап жойылып отырған. Мұны шешудің әдісін тапқан елдер де бар. Мәселен, Эфиопияда Дүниежүзілік банктің бастамасымен белгілі бір жайылымдарды уақытша мал жаюдан толық босату әдісі қолданылған. Яғни жер бірнеше жыл бойы мал жайылымына пайдаланылмайды. Өсімдік жамылғысы қалпына келеді, содан кейін қайта мал жайылады. 2008 жылдан бастап жоба аясында 260 мың гектар егістік және жайылымдық жер тұрақты басқару жүйесіне енгізілген. Жоба аумақтарында өсімдік жамылғысы 9 пайызға артқан, ал топырақтағы көміртек мөлшері 1,9 пайыздан 2,5 пайызға көтерілген.
Малшылар меншігіндегі жайылымдар топырақта көміртектің мол қорын сақтайды. Көміртек қоры неғұрлым жоғары болса, топырақ соғұрлым сау әрі құнарлы болады. Мұндай топырақ су режимін реттеуді, қоректік заттардың айналымын жақсартып, экожүйенің өнімділігін қолдайды. 2020 жылғы көрсеткіш бойынша жайылым топырағының жоғарғы қабатында 44 миллиард метрлік тонна органикалық көміртек болған. Бұл әлемдегі барлық жайылымдарда сақталған көміртектің жалпы көлемінің 38 пайызы. Егер осы топырақтағы көміртектің барлығы атмосфераға шығарылатын болса, оның мөлшері бір жыл бойы бензинмен жүретін 37 миллиард автокөліктен бөлінетін парниктік газдар шығарындыларына тең болар еді.
Малшылар басқаратын жайылымдардағы 44 миллиард метрлік тонна топырақ көміртегінің тек 40 пайызы ғана заң жүзінде малшыларға тиесілі деп танылған жерлерде сақталған. Қалған 60 пайызының 49 пайызы құқықтық мәртебесі заң жүзінде белгіленбеген жайылымдарда, ал 11 пайызы құқықтық мәртебесі белгісіз жайылымдарда орналасқан. Сондықтан бұл жерлерді басқа мақсаттарға пайдалану қаупі жоғары, ал бұл жинақталған көміртектің жоғалуына әкелуі мүмкін.
Тегтер #шартарап #Эфиопия #жайылым #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz