RU
Толық нұсқаға өту
фото: The Guardian

Конгода Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 2300-ден асты

18.08.2026, 09:37 39

Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінің өршуі ел тарихындағы ең өлім-жітімі жоғары індетке айналды, деп хабарлайды 24KZ.

Ресми мәлімет бойынша, қайтыс болғандар саны 2325 адамнан асып, бұл 2018-2020 жылдардағы індет кезіндегі өлім көрсеткішінен жоғары болды.

Конгоның Қоғамдық денсаулық сақтау институтының мәліметінше, расталған жағдайлар саны 4945-ке жеткен. Соңғы тәуліктің өзінде ауру жұқтырған 101 жаңа адам анықталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) болжамынша, қазіргі індет одан әрі өршіп, 2014-2016 жылдары Батыс Африкада болған Эбола індетінен де ауқымды болуы мүмкін. Сол кезде Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 28 616 адам вирус жұқтырып, 11 325 адам қайтыс болған.

Қазір індет Конгоның 26 провинциясының алтауына тараған. Аурудың 3400-ден астам жағдайы Итури провинциясында тіркелді. Эбола вирусының қазіргі өршуі алғаш осы өңірде анықталған.

Қазіргі уақытта Эбола вирусының бундибугйо штамына қарсы мақұлданған вакцина немесе емдеу әдісі жоқ. Шілде айында Итури провинциясында осы штамға қарсы ықтимал екі емдеу әдісінің клиникалық сынақтары басталды. Ал ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус өткен аптада бундибугйо штамына арнайы әзірленген екі вакцинаның адамға сынақ ретінде енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Мамыр айында ДДСҰ Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялаған. Ұйымның мәліметінше, жүргізілген геномдық секвенирлеу зерттеулері індеттің бірнеше ай бұрын, қаңтар-ақпан айларында басталғанын көрсетті.

Осыған байланысты қазақстандықтарға Эбола безгегі тіркелген Африка елдеріне барудан, әсіресе балалармен бірге сапар шегуден бас тартуға кеңес берілді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz