RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ конгресінде шикі заңдар көбейді

20.08.2026, 09:20 30

АҚШ-та заң жобаларының сапасы сын көтермейді. Бұған Конгресс заңгерлері алаңдап отыр.

Өйткені заң шығарушы органның өкілдері құжатты өздері жазуға ерініп, жасанды интеллект дайындаған мәтінді тексермей ұсына салатын болған. Ал құжатта терминдер қате қолданылып, заңдарға сілтеме дұрыс жасалмауы мүмкін. Конгресс заңгерлері нейрожелі дайындаған мәтінді түзеткеннен гөрі, заң жобасын басынан әзірлеп шығу әлдеқайда оңай, - дейді.

АҚШ-та екі палатаның кейінгі құрамы 30 мыңнан аса заң жобасын әзірлепті. Алайда мұның тек үштен бірі ғана Конгресс қарауына ұсынылған. Өйткені сан бар, бірақ сапа жоқ. Заң жобасының көбі шикі. Конгресс заңгерлері құжаттың мәтінін жасанды интеллект дайындағаны тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Өйткені сөйлемдері шұбалаңқы, терминдері қате, - дейді.

Дэниел Шуман, Америка басқару институттының атқарушы директоры:

- Жасанды интеллектінің мүмкіндігі шексіз. Бірақ нейрожелі заң жобасын әзірлей алмайды. Халықтың өмірін жақсартуға бағытталған сапалы заңды қалай жазылатынын білікті маман ғана біледі.

Иә, нейрожелі шапшаң, берілген тапсырманы санаулы секундта орындайды. Алайда озық технология заң шығару ісін тығыраққа тіреді. Өйткені құжат авторы кейде өзі ұсынған бастама қандай мәселе шешеді? Нені өзгерткісі келеді? деген қарапайым сауалға да жауап бере алмайды екен.

Уэйд Баллоу, заңгер:

- Бұрын заң жобасын ұсынғанда, автор мәселені терең зерттейтін. Қазір бұл жұмысты ChatGPT секілді чат-боттарға жүктей салады. Ең қиыны заң шығару үдерісінің қазанында қайнап жүрген тұлғалардың өздері мұның экономикалық тәуекелі мен әлеуметтік салдарын білмейді және түсінбейді.

Конгресс заң шығару ісіне жасанды интеллект енгізуге қарсы емес. Заңгерлер нейрожеліні қолданып та жүр. Бірақ бұл арнайы алгоритм негізінде жұмыс істейді. Озық технология құжатқа түзетулер енгізсе, қолданыстағы заң қалай өзгеретінін тәтпіштеп көрсетеді. Чат-боттар секілді ойдан жауап шығармайды. Яғни, жасанды интеллект заңгерлерге бәсеке емес, тиімді көмекші құрал болуға тиіс, - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz