Жапонияда «ұйқысыз фермалар» көбейді.
Бұған себеп биылғы жаз бөлек. Сынап бағанасы күндіз 35 градустан түспей тұр. Ал жылыжай ішіндегі температура 40 градусқа дейін жетеді. Мұндайда адам жұмыс істемек түгілі ішке кіруге тайсалады. Шаруалар осы себепті түнде жұмыс істеуге көшкен.
Күн ұясына батып, көз байланған шақта Жапониядағы фермаларда жұмыс керсінше қыз-қыз қайнайды. 36 жастағы гүл өсіруші Мотоаки Иидзимада да ұйқы жоқ. Былтыр бір адамның басынан күн өтіп, ауруханаға түскен соң, жұмыс уақытын түнге ауыстырдым, дейді.
Мотоаки Иидзима, гүл өсіруші:
- Күніміз бен түніміз ауысып кетті. Бірақ аптап ыстықта далада жұмыс істеу денсаулыққа зиян. Сондықтан басқа амалымыз жоқ.
2024 жылы Жапонияда 59 адамның өліміне ыстық себеп болған. Бұдан бөлек Күн Шығыс елінде жас маман тапшы. Қазір ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің 70 пайызы - 65 жастан асқандар.
Миёко Асада, 68 жаста:
- Түнде салқын. Жылы төсекке барып жатқым келеді. Бірақ күндіз ми қайнатар ыстықта жұмыс істегенше, істі күн ысымай, тындырып тастаған жақсы.
Сатоми Фукусима, 52 жаста:
- Бұрын мұндай ыстықты көрген емеспін. Гүлдерді кесіп жатқанда, арқам да, басым да күйіп кете жаздайды.
48 жастағы кәсіпкер Тэцуя Усуба 4 жарым мың құс бағып отыр. Шаруа қораға желдеткіш орнатып, шатырды суық сумен салқындатады. Алайда бұдан аса пайда жоқ. Биыл шілденің шіліңгір ыстығында 130 тауығым қырылып қалды дейді.
Тэцуя Усуба,кәсіпкер:
- Ыстықта тауықтардың тәбеті төмендейді. Сондықтан түнгі 02:30-да қораның жарығын қосып, жем-суын береміз. Әйтпесе аш жүре береді. Жаз біз үшін құс тұмауы секілді қауіпке айналды.
The Lancet зерттеу орталығының дерегі бойынша 2024 жылы климат өзгерісінен Жапония ауыл шаруашылығының жұмыс өнімділігі 926 млн сағатқа кеміді. Мұның салдарынан экономикасы 46 млрд доллардан айырылды. Бұл ЖІӨ-нің 1 пайызына тең. Сондықтан былтыр жапон билігі ыстықтан қорғану үшін жұмыс берушілерге талапты күшейткен еді.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Жапония #ферма #аптап ыстық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz