Кепкен қызанақ та миллиондаған доллар кіріс әкеледі.
Биыл 6 айда Түркия бұл көкөністің түрін әлемнің 91 еліне жөнелтті. Одан түскен табыс - 61 млн доллар. Әдетте қызанақ ұзақ жолға шыдамайды. Ал, кепкенін сатып, алыс шетелдегі нарығын кеңейтуге болады. Дайын өнім алу үшін жаңа піскен қызанақтың неше келісі қажет?
Жаз келсе Түркияның Диярбакыр провинциясының алқаптары бейнебір қызыл кілем іспептес. Егістіктен жиналған мыңдаған тонна өнімді жүк көліктеріне тиеп, ондаған гектар жазық далаға төселген дастарханның үстіне жаяды. Одан соң жуылған көкөністі пышақпен екіге бөліп кеседі. Сұранысқа сай, бір бөлігін күкірт сеуіп өңдесе, енді бір бөлігін тұздаймыз, дейді диқандар.
Мұстафа Чубук, шаруа қожалығының иесі:
- Қызанақтарды әлемнің біраз еліне жөнелтеміз. Еуропада жейтін пицца мен басқа да дәмді тағамдардың соусы осы қызанақтардан жасалады. Қазір Диярбақырдан, осы ауылдан өнімімізді бүкіл әлемге жіберіп жатырмыз.
Кәрі құрлықтан бөлек Түркия қызанағын мұхиттың арғы жағындағы АҚШ пен Бразилия халқы да тұтынады. Кепкен көкөністі гамбургер секілді тағамдарға қосады екен. Биыл 6 айда тек Құрама Штаттардың өзіне 16 млн доллардың өнімін жөнелткен. Қызанақтың сақтау мерзімі шектеулі. Тез бұзылады. Ал кепкенін алыс-жақындығына қарамай, шет мемлекеттерге тасымалдай беруге болады. Бұдан бөлек жазда жергілікті тұрғындардың еңбек етуіне мүмкіндік жасалады.
Ведат Каяс, жергілікті тұрғын:
- Қызанақ өсіріп, кептіру - бейнеті көп жұмыс. Біз мұнда шатырларда тұрып жатырмыз. Әрине өте ыстық. 40 градуста далада жұмыс істеу оңай емес. Бірақ отбасыны асырау керек. Әрқайсысымыздың қаржылық мәселелеріміз бар.
Қызанақтарды далада бір апта қақтайды. Зауытқа жіберіп өңдеген соң қаптап, экспортқа жөнелтеді. Диқандардың айтуына қарағанда, 15 келі жаңа піскен қызанақтан небәрі 1 келі дайын өнім алынады. Десе де, көл-көсір пайда әкеледі деп отыр. Биыл жарты жылдағы табыс - 61 млн доллар. Енді түркиялық диқандар бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін 100 млн долларға жеткізуге ниетті.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Түркия #қызанақ #24KZ #пайдаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz