RU
Толық нұсқаға өту

Бейжіңде «Қазақстан тарихының бейнесі» фотокөрмесі ашылды

23.08.2026, 08:15 39

Бейжіңде ерекше фотокөрме ашылды. Ерекшелігі сол – мұнда Жасанды интеллектімен өңделген бірегей суреттер қойылған. Дені бұрын-соңды көпшілікке ұсынылмаған қазақ елінің тарихынан сыр шертетін туындылар. Іс-шара Қытайдағы Қазақстанның мәдениет орталығында өтіп жатыр. 

Мына фотобейнелер осы уақытқа дейін Ұлттық орталық музейінің қорында сақталып келген. Сапасы тым нашар болған соң еш жерде жарияланбаған. Ұйымдастырушылар заманауи технологияның көмегімен қайта жаңғыртты. Бірақ Жасанды интеллект тарихи бейнені өзгерту үшін емес, сақталған түпнұсқа материалдарды өңдеп, сапасын жақсарту үшін қолданылған.

Ерсін Жайнақов, ҚР Ұлттық орталық музейінің ғалым-хатшысы:

- Бұл жерде суреттің мазмұнын өзгерткеніміз жоқ. Жоқтан бар жасаған да жоқпыз. Біз бар суреттің сапасын арттыру үшін ғана жасадық. Ойдан шығарылған нәрсе емес, бұл бар, түсірілген сурет. Бірақ сапасы өте нашар. Осыны Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы бүгінгі көрерменге қызықты болатындай түсін өзгертіп, цветной түске айналдырып, ұсынып отырмыз.

Көрмеге 40 дана экспонат қойылды. Онда көшпенділердің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, киім үлгісі, зергерлік бұйымдары, қару-жарақ, мәдениеті айқын бейнеленген. Фотосуреттер арқылы қазақ елінің тарихы Қытай жұртшылығына таныстырылды.

Лю Чжи, Бейжің тұрғыны:

- Фотокөрме терең әсер қалдырды. Мен Орталық Азияны зерттеу бағытында жұмыс істеймін. Қазақстанда бірнеше рет болғам. Қазақ халқының көшпелі мәдениеті маған ерекше ұнайды. Бүгін Жасанды интеллект пен көшпелі мәдениетті ұштастыра отырып жасалған фотожұмыстарды көріп отырмыз. Бұл зерттеуші үшін құнды мәліметтер. Мен бұған қуанып тұрмын.

Іс-шара Қазақстанның тарихы мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Көрменің ашылуына тарихшылар, ғалымдар, жергілікті тұрғындар, дипломаттар мен музей қызметкерлері қатысты. Фотокөрме 29 тамызға дейін жұмыс істейді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz