RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде 193 ұлттық Парламент бар

23.08.2026, 08:10 35

Әлемнің 100-ден аса елінде бір палаталы Парламент жұмыс істейді. Ал 80-нен астам мемлекет екі палаталы Парламент жүйесін құп көреді.  Бұл – парламентаралық одақтың дерегі. Қос палата, көбіне, аймақтық мүдделердің тепе-теңдігін сақтау үшін қажет.

Сондықтан бұл үлгі федеративті мемлекеттерге тән. Ал бір палаталық жүйе заң шығару үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік аппараттың ашықтығына басымдық береді. Ал Қазақстан Құрылтай арқылы бір палаталы құрылымы бар елдер арасында аумағы жөнінен екінші орынға шықты.

Парламент – демократияның басты институттарының бірі. Әлемдік тәжірибеде Парламент негізінен екі палаталы және бір палаталы болып бөлінеді. Дүниежүзіндегі 193 ұлттық Парламенттің 85-і екі палатадан, ал 108-і бір палатадан тұрады. Бас-аяғы құрамында 45 мыңға жуық депутат бар. Қос палаталы Парламент жоғарғы және төменгі палаталардан құралады. Ал бір палаталы жүйеде депутаттар бірыңғай орган құрамында жұмыс істейді. Оның ішкі құрылымы бейінді комитеттерге және саяси фракцияларға бөлінеді.

Людвик Топлак, Alma Mater Europaea университетінің ректоры, профессор:

- Демократия барлық елде бірдей сипатта болуы міндетті емес. Ол халықтың өзіндік тарихы, мәдениеті мен тәжірибесіне сүйене отырып дамуы мүмкін. Демократияны институттар ғана емес, саяси мәдениеті жоғары азаматтар, бәсекеге қабілетті партиялар мен қоғамдық пікірталас құрайды.

Бір палаталы Парламент унитарлы мемлекеттерде құрылады. Өйткені мұнда аймақтық бөлініс аса байқалмайды. Әсіресе халық саны аз елдерге бір палаталы жүйе тиімді. Ал қос палаталы заң шығарушы орган мүдделер тепе-теңдігін сақтауға және заң жобаларын жан жақты талқылауға жол ашады. Көбіне федеративті мемлекеттерде қолданылады. Мысалы, Ресей, АҚШ, Германия, Бразилия, Үндістан штаттардан және республикалардан құралғандықтан, мұнда жоғарғы палата аймақтардың халық санына қарамастан тең дауысқа ие болуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Бір палаталы Парламенттің артықшылықтары

Еуроодаққа мүше 27 елдің 15-сі бір палаталы жүйені ұстанады. Барлық заң жобасы осында талқыланып, қабылданады. Халықаралық сарапшылардың айтуына қарағанда, мұндай үлгі қаржыландыруға кететін шығынды азайтып қана қоймай, депутаттарға шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қажетті реформалар дер кезінде іске асады. «Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның белсенділігін арттырады», - дейді мамандар.

Уэсли Александр Хилл, Халықаралық орталықтың Салық және инвестициялар бойынша жетекші сарапшысы:

- Саяси тұрғыдан алғанда, бір палаталы жүйенің басты ықпалы – қоғамдық пікірталасты нақты идеялар мен мемлекеттік саясатты талқылауға бағыттау. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егер мұндай жүйе тиімді жұмыс істесе, сайлаушылар партиялардың салық, бюджет шығындары және нақты мемлекеттің рөлі жөніндегі ұстанымдарына назар аудара бастайды. Осылайша демократиялық қоғамға тән саяси бәсекелестік қалыптасады.

АҚШ-та федералдық деңгейде Конгресс Сенат және Өкілдер палатасы деп аталатын екі палатадан тұрады. Бірақ штаттар деңгейінде ерекшелік бар. Небраска – бір палаталы заң шығарушы органы бар жалғыз штат. Заң шығарушы органы «Уникамерал» деп аталады. Оның құрамында 49 депутат бар. Бір қызығы, бұл органға сайлау партиялық емес негізде өтеді. Небраска мұндай жүйеге 1937 жылы сенатор Джордж Норристің бастамасымен көшті. Ол екі палатаның функциялары бір-бірін қайталайды және заң қабылдау үдерісін күрделендіреді деген пікірде болған.

Бір палаталы Парламентке ауысқан елдер көп

Әлемдегі ең үлкен заң шығарушы орган Қытайда. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы деп атайды. Халық саны бір жарым миллиардқа жуықтайтын бұл елде заңдарды үш мыңға жуық депутат әзірлейді. Парламенттегі орындардың 70 пайызы Коммунистік партия мүшелеріне тиесілі. Ал бір палаталы Парламенті бар ең кішкентай мемлекет – Ватикан. Алайда Қасиетті Тақ – абсолюттік монархия. Мұнда заң шығарушы билікті Ватикан істері жөніндегі Папалық комиссия жүзеге асырады. Оның құрамындағы кардиналдарды Рим Папасы жеке өзі тағайындайды.

Бірқатар мемлекет әр жылдары екі палаталы жүйеден бас тартып, бір палаталы Парламентке ауысқан. Мысал ретінде көршілес Қырғызстан, Түрікменстан, одан кейін Дания, Швеция, Исландия, Хорватия мен Оңтүстік Кореяны айтсақ болады. Әр ел өзіне тиімді жүйені мемлекеттік құрылымға, жер аумағы, халық саны және саяси мәдениетіне байланысты таңдайды.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz