Астана уақытымен таңғы 10:00-де өз жұмысын Батыс Еуропадағы сайлау учаскелері де бастады. Франция аумағындағы жалғыз сайлау учаскесі – Парижде, еліміздің консулдығында ашылды.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Иә, Париждегі №410 сайлау учаскесі әйгілі Елисей алаңының қасында, еліміздің Консулдығының ғимаратында орналасқан. Қазір Астана мен Париж арасындағы уақыт айырмашылығы – 3 сағат. Демек учаске ашылғалы 5 сағат өтті. Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауында бірінші болып осында қызмет ететін қазақстандық дипломаттар дауыс берді. Сондай-ақ таңертеңнен бері Францияда білім алып жүрген студенттер мен магистранттар белсенді. Олардың арасында Парижде ғана емес, өзге қалаларда оқитын жастар да бар. Тізім бойынша мұнда 150-ге жуық адам тіркелген. Дегенмен жарамды төл құжаты бар кез келген Қазақстан азаматы келіп, дауыс бере алады. Мәселен, Парижде жүрген қазақстандық туристер де осы мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Дауыс беруге келгендердің арасында турист ретінде ғана жүрген қонақтар емес, осында кино түсіруге келген отандастарымыз да бар. Сайлау учаскесінде біз «Жамиля Парижде» атты драмедиінің түсірілім тобы мен актерлерін кездестірдік. Айта кетейік, бұл – Франция астанасында түсіріліп жатқан алғашқы қазақстандық кино. Азаматтық ұстанымын білдіріп, дауыс беруге келген танымал қазақстандық актерлердің пікірін тыңдайық.
Азамат Сатыбалды, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Әрбір сайлау, әрбір кезең – қазақ үшін тарихи сәт. Өйткені біз болашақты қалай көргіміз келеді, дәл соны анықтауымыз керек. Біз енді қазір Парижде түсірілімдеміз, бір аптадан асты, дәл бүгінгі күн біз арнайы командамен, топпен келістік, елшілікке келеміз, арнайы дауысымызды береміз, үнімізді қосамыз деп. Бұл – біздің азаматтық борышымыз.
Жасұлан Көпберген, актер:
- Әрбір азаматтың ел алдындағы үлкен борышы. Сол борышты орындауға келдік. Мен енді бірінші рет шетелде киноға түсіп жатқаннан кейін білмедім, елшілікке барып, дауыс беруге болатынын. Бірақ осындағы адамдар түсіндіріп, айтып берді, соған өте қатты қуандым.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Париждегі учаскеде сонымен қатар қазақ диаспорасының өкілдері, Францияда тұрып, еңбек етіп жүрген қазақстандықтар дауыс береді. Сайлаушылардың негізгі легі түскі уақытта келеді деп күтіп отыр. Парижде жазбойы созылған аптап ыстықтың басылғаны да сайлауға қолайлы болып тұр.
Тегтер #құрылтай 2026 #отандастар #сайлау учаскелері #елші #дауыс беру #турист
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz