АҚШ пен Канада арасындағы сауда келіссөздері
сәтсіз аяқталды. Екі ел канадалық автокөліктердің тарифіне келіспей қалды. Бұған дейін президент Дональд Трамп канадалық автомобильдерге 25% мөлшерінде баж салығын бекіткен еді. Келіссөз барысында бұл мөлшерлемені 15%-ға дейін төмендету мәселесі талқыланған. Кейін Оттава осы салықтық жеңілдіктерді орта және ауыр жүк көліктеріне де енгізуді сұраған. Алайда АҚШ бұған көнбеді. "Әу баста бұл жайын қозғаған жоқпыз, келісімде қарастырылмаған қосымша талапты орындамаймыз" деп байбалам салды. Көп ұзамай Вашингтон солтүстігіндегі көршісінен импортталатын бірқатар тауар түріне 50 пайыздық тарифті ресми енгізді. Тарифке ұшыраған тауарлардың жалпы құны 20 млрд долларға жуықтайды. Бұл канадалық экспорттың шамамен 5 пайызы.
ЦИТАТА: Дональд Трамп, АҚШ Президенті
- Канада штат болмаса да штаттарға тиесілі артықшылықтарға ие болғысы келеді. Сондай-ақ канадалықтар көп жыл бойы біздің фермерлерімізден қыруар салық талап етіп келді. Енді бұған жол берілмейді!
Ақ үй басшысы екінші рет президенттік қызметіне кіріскен соң "Канада АҚШ-тың 51-штаты болуға тиіс" деп бірнеше мәрте айтқан. Оның айтуынша, Канада АҚШ-қа қосылса, арада тариф мәселесі туындамас еді. «Кейінгі мәлімдемесі арқылы Трамп баяғы ниетін меңзеп отырған болуы керек» дейді сарапшылар.
Бұған дейін Канаданың үкімет басшысы Құрама Штаттармен сауда текетіресіне келгенде барынша дипломатиялық көзқарасты ұстануға тырысқан еді. Енді оның да шыдамы таусылайын деді ме, "Америка енгізген тарифтердің әр доллары үшін жауап береміз" деп мәлімдеді. Жауапты салықтар болат, сүт өнімдері, тұрмыстық техника, ауыл шаруашылығы жабдықтары, қағаз өнеркәсібі және электроникаға қатысты болмақ. 8 қыркүйек күні күшіне енеді.
Марк Карни, Канада Премьер-министрі:
- Бұл шаралар отандық өнеркәсіп салаларын қорғауға және олардың американдық өнімдермен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тағы бір ескеретіні, АҚШ соңғы сағаттарда Канаданың басқа елдермен сауда келісімдерін жасау мүмкіндігін шектеуге тырысты. Канада кейінгі жылы 20 жаңа келісімге қол жеткізді. Экономикалық және қауіпсіздік салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтті. Бұл елдің сыртқы нарықтарға шығуына жол ашады. Біз еркін сауда қағидатын ұстанамыз және әлемнің көптеген мемлекеті үшін тиімді сауда серіктесі болуға ұмтыламыз. Алайда американдық тарап мұны шектегісі келеді.
АҚШ Канаданың ең ірі экспорттық нарығы. Мұнай, автокөлік және автокөлік бөлшектері екі ел арасында саудаланатын негізгі тауарлар. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауарлар мен қызметтер саудасының жалпы көлемі 900 миллиард долларға жуықтады. Құрама Штаттар үшін де Канада, Мексика, Қытай басты сауда серіктестер. 2018 жылы АҚШ, Мексика және Канада өзара еркін сауда жөнінде келісімге қол қойды. Бірақ Трамптың тариф саясаты көршілес елдер арасында ондаған жыл бойы қалыптасқан еркін сауда дәстүріне нұқсан келтірді. Карни жауапты шаралары арқылы экономикалық әрі саяси тәуекелге барып отыр. «Бұл екі ел арасындағы сауда соғысын одан әрі өршітеді» дейді сарапшылар. Бұған дейін АҚШ енгізген тарифтерге дәл сол деңгейде жауап берген жалғыз ел Қытай еді. Дегенмен, өткен аптада Леже Маркетинг ((Leger Marketing)) компаниясы жүргізген сауалнама барысында Карнидің АҚШ-қа қарсы тұруына қоғам қолдау білдіріп отырғанын көрсетті. Респонденттердің жартысынан көбі үкіметтің «қатаң ұстанымға көшіп, бұдан былай жеңілдіктерге бармауын» қалайды.
Дуг Форд, Онтарио провинциясының премьер-министрі:
- Біз ешқашан бұл күресті бастаған емеспіз. Бірақ түбінде жеңіп шығатынымызға сенімдімін. Дәл қазір Канада бірігуге тиіс. Қолда бар барлық құралды пайдалануымыз қажет. Ол аса маңызды пайдалы қазбалар, болат немесе никель болуы мүмкін.
Көршілес елдер жүргізіп отырған тариф соғысынан Құрама Штаттар да зиян шегеді. АҚШ Сауда палатасы тарифтердің өсуі американдық отбасылардың шығындарының артуына әкелетінін, аса маңызды жеткізу тізбектерін одан әрі бұзып, 13 миллион жұмыс орнына қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Тегтер #АҚШ #Канада #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz