Жапонияда Oncolys BioPharma компаниясы 21 тамыздан бастап OBP-301 деп аталатын онколитикалық вирус препаратын коммерциялық түрде сатылымға шығарды, деп хабарлайды 24KZ Tokyo Brief ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дәрі Жапонияның Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 8 маусымда мақұлданған.
Препарат құрамындағы генетикалық түрлендірілген вирус қатерлі ісік жасушаларын нысанаға алып, оларды жоюға бағытталған. Емдеу барысында препарат эндоскоптың көмегімен тікелей зақымданған аймаққа енгізіледі.
Дәріні қолдануға рұқсат радикалды операция жасауға немесе химиялық-сәулелік терапиядан өтуге болмайтын өңеш қатерлі ісігі бар науқастарға ғана берілген. Сондықтан препарат әзірге осы ауруға шалдыққан пациенттердің барлығына арналмаған.
Препаратты ауруханаларға Fujifilm Toyama Chemical компаниясы жеткізеді. Дәріні қолдану мүмкіндігі мен емдеу тәртібін пациенттер медициналық мекемеден нақтылауы қажет.
2004 жылы құрылған Oncolys BioPharma бұл терапияны Окаяма университетінің бұрынғы профессоры жүргізген зерттеулер негізінде әзірлеген.
Компания әзірге препараттың бағасы, оны қанша пациентке қолдану жоспарланғаны және Жапонияның ұлттық медициналық сақтандыру жүйесі арқылы шығындардың өтелу тәртібі туралы ақпарат жариялаған жоқ.
Тегтер #Жапония #қатерлі ісік #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz