RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде ара жойылып барады

25.08.2026, 09:16 39

Алысқа барудың қажеті жоқ. Көршілес Ресейде 2000 жылдары 10 миллионнан астам ара үйірі болса, қазіргі саны 4 млн-ға да жетпейді. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісінің үштен бірі араларға тәуелді. Әсіресе жұрт сүйсініп жейтін жаңғақ, жеміс-жидек, көкөніс үшін бұл жәндіктің маңызы зор. Ара болмаса, егін де шықпай қалуы мүмкін. Алайда түрлі ауру-сырқау, улы химикаттар, сосын климаттың өзгеруі бар. Осының бәрі араға қауіп болып тұр. 

Дүние жүзінде аралардың шамамен 25 мың түрі бар. Nature Communications журналының деректеріне сәйкес, мұндай алуан түрлілік климат өзгерісіне қарамастан, жәндіктердің тіршілігін сақтап қалуға тиіс еді. Дегенмен ғалымдар дабыл қағып жатыр. Былтыр АҚШ-та ара жанұясының шамамен 40 пайызы қырылып қалды. Еуропада жабайы араларлың 9 пайызы жоғалып кетуі мүмкін. Ал Ресейде жыл сайын 200 мыңға жуық ара жанұясы жойылады. Бұл ресми тіркелген омарталардағы жағдай ғана. Көршілес елде жәндіктер дәнді дақылдарды тозаңдандыруға жеткіліксіз. Мамандар аралардың азаюын бір жағынан климаттың өзгеруімен байланыстырды. Аптап ыстық кезінде жәндіктердің белсенділігі төмендеп, көбею қабілеті нашарлайды. Тіпті түрлі ауруларға төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ жауын-шашын аз болса, өсімдіктер қурап, шырын мен тозаңды бөлмейді. Бұл жағдайда аралар азықсыз қалады. 

Марк Браун, Кембридж университеті зоология кафедрасының профессоры:

- Кейінгі кезде біз аптап ыстықтың ұзақ уақытқа созылып, жиі қайталанатынын байқап отырмыз. Ал аралар бұған бейімделмеген. Өйткені мұндай ауа райы олардың ежелден қалыптасқан табиғи ортасына тән емес. Тіпті араның денесіне қарайтын болсақ, оның түгі көп. Бұл төмен температураға бейімделу барысында эволюциялық жолмен қалыптасты. Түкті аралардың шыққан жері – Тибет үстірті мен Гималай аймағы. Ал қазір олар қоңыржай, арктикалық және альпілік өңірлерде көп кездеседі.

Аралардың жер бетінен жоғалып бара жатқандығының тағы бір себебі – түрлі дерттер мен паразиттер. Қауіп, әсіресе кенелерден төніп тұр. Мәселен, Varroa destructor гемолимфамен қоректенеді. Бұл – зат алмасуға жауап беретін орган. Ауруға шалдыққан араға ем-дом жасалмаса, жәндік өледі. Бұдан бөлек, көшпелі омарташылық та аралардың күйзеліске ұшырауына ықпал етеді. Бір жерден екінші жерге тасымалдау кезінде олардың иммундық жүйесі әлсіреп, тез қартаяды. 

Кевин Макклуни, Боулинг-Грин университетінің биологы:

- Қалалану үдерісі жүріп, асфальт төселген жерлер көбейген сайын, аралардың алуантүрлілігі азая береді. Алайда көбірек гүл егу арқылы мұның алдын алуға болады. Аралар маусым бойы шырын жинауы үшін жылдың әр мезгілінде гүлдейтін өсімдіктерді көбейту қажет. Өсімдіктерді тозаңдандыратын басқа да жәндіктер бар, бірақ аралар – ең тиімдісі. Сондықтан мәселеге кеңірек қарасақ, аралардың азаюы азық-түлік көздеріне ғана емес, жалпы өсімдіктердің алуантүрлілігіне де әсер етеді.

Айта кету керек, қалалық омарта шаруашылығы алып шаһарлардың экожүйесін жақсартады. Данияда бұл сала жақсы дамыған. Мұнда омарташылардың 90%-дан астамы – әуесқойлар. Олар үй төбесі, балконда да ара ұстай береді. Биологиялық алуандық пен экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында жеке компаниялар кеңсе, сауда үйлері, қонақүй шатырларында омарта орналастырады. Нотр-Дам-де-Пари шіркеуі ғимаратының төбесінде 200 мыңға жуық ара болған. 2019 жылы шіркеу отқа оранса да, ара ұялары аман қалған.

Ауылшаруашылық алқаптарды химикаттармен өңдеу араларға едәуір зиян келтіреді. Пестицидтер жасырын у іспеттес. Жәндіктердің когнитивтік функцияларын бұзады, яғни аралар бағдарынан жаңылып, ұясына қайта алмай қалады. Алайда мамандар да қарап отырған жоқ. Жәндіктердің жаппай қырылуын тоқтатудың жолдарын іздеп жатыр. Еуропалық Одақта фермерлерге алқаптардың маңына гүлді жолақтар отырғызғаны үшін субсидия беріледі. Ал Ұлыбританияда жәндіктердің денсаулығын сақтау үшін биологтар модификацияланған ашытқылар негізінде қоректік тозаң әзірледі. Сонымен қатар израильдік стартаптардың бірі арнайы камералар орнатылған контейнерлер жасап шығарды. Бұл жүйе ара ұяларын кенелердің бар-жоғын анықтау үшін сканерлейді, дәрі-дәрмекті мөлшерлеп береді, араларды қоректендіріп, тіпті дайын балды жинайды. 

Андрес Риверос, Росарио университетінің доценті:

- Біз араларды пестицидтердің әсерінен қорғайтын арнайы қоспа әзірледік. Оның мөлшері мен оны енгізу кестесін мұқият есептедік. Сынақ нәтижелері қоспаны қолданғаннан кейін аралардың белсенділігі мен қабілеті сақталатынын көрсетті. Қазір біз сынақты университеттің омартасында, яғни далалық жағдайда өткізуге көштік.

Омарташылық нарығы $10 млрд-тан асты

Fortune Business Insights халықаралық талдау компаниясының деректеріне сәйкес, биыл әлемдік АРА шаруашылығы нарығы 10 млрд долларға бағаланып отыр. Негізгі экспорттаушылар қатарында Австралия, Италия және Словения бар. Қазірдің өзінде егістік алқаптарды коммерциялық мақсатта тозаңдандыру ара өсірушілерге бал сатумен пара-пар табыс әкеледі. Сарапшылардың айтуынша, енді бір он жылда ара ұяларын жалға беру омарташылардың негізгі табыс көзі болмақ. Ал табиғи бал сирек кездесетін өнімге айналады.

Әлемдегі ең маңызды азық-түлік дақылдарының шамамен 75%-ы тозаңдандыратын жәндіктерге тәуелді. Мысалы, бидай, күріш, жүгері жел арқылы немесе өздігінен тозаңданады. Ал осы орайда жеміс-жидек, жаңғақ, көкөніс, күнбағыс сияқты дақылдар көбірек зиян шегеді. Өйткені оларға жануарлар арқылы тозаңдану маңызды.

Кей дақылдарға жәндіктер арқылы тозаңдану маңызды дедіңіз. Сонда бұл не береді?

Бұл өнімділікті арттырады әрі жемістердің сапасы да жақсарады. Яғни жемістер ірілеу, пішіні біркелкі және тұқымы көбірек болуы мүмкін. Бір жағынан ара, одан басқа, шыбын, көбелек, қоңыз сияқты жәндіктер арқылы тозаңдану биоалуандықты қамтамасыз етеді. Өйткені тозаңдану жабайы өсімдіктердің көбеюіне көмектеседі, ал олар өз кезегінде басқа жануарларға қорек пен баспана болады. Неге бұл нақты жеміс-жидек, көкөністерге қатысты десеңіз, Өйткені бұлардың тозаңы ауыр. Сондықтан жел арқылы тасымалдау қиындайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz